Елордалық зейнеткерлер жұмысшыларға концерт қойды

Елордалық зейнеткерлер жұмысшыларға концерт қойды
Фото: Василий Крась

Бүгін Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері жұмысшыларға мерекелік концерт қойып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Сол арқылы құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты және т.б. салаларда жұмыс істейтін азаматтарға көп көңіл бөлінеді. Соған орай біз де «Еңбек адамына құрмет» акциясын бастап жатырмыз», - деді Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Нұра ауданы бөлімі бойынша ұйымдастырушысы Ләззат Өтеғұлова.

Астаналық зейнеткерлер құрылысшыларға домбырамен ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ олар еңбек адамдарына сыйлықтарын табыстап, тәттілерін ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама жұмысшылардың еңбегінің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді.

«Мұнда көбіне патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ бүгінгі акцияға AMANAT партиясының Нұра ауданы бөлімінің «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері де атсалысты. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету», - деді Л.Өтеғұлова.

Айта кетейік, еңбек адамдарын қолдауда маңызға ие осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.