Армениядан әкелінетін көліктер ЕЭО емес, шетелдік тауар болып саналады – Құсайынов

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Армениядан әкелінетін көліктер ЕЭО емес, шетелдік тауар болып саналады – Құсайынов
ашық дереккөз

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов онлайн брифингте Армениядан әкелінетін көліктердің қозғалысы туралы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріне Армениядан әкелінетін тауарлар Экономикалық одақ тауары емес, шетелдік тауар болып саналады. Ресейде армениялық нөмірмен жүретін көліктердің қозғалысына қатаң тексеріс жүргізіп, қажет болса айыппұл тұрағына кіргізіп және басқа да шара қолданады. Ал Қазақстан тарапы бұл жағдайға объективті және субъективті тұрғыда түсіністік танытып келді. Алайда жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткен жылдың соңы мен биыл жыл басынан бері бірқатар шаралар қолға алынды. Әртүрлі алаңда тиісті орган қызметкерлері бас қосып, пікір алмастық. Биылғы мамыр айында Үкімет Армениядан әкелінген көліктердің құжатын рәсімдеуді міндеттеу туралы қаулы шығарды. Алайда кейбір тараптың бұл қаулымен келіспеушілігіне байланысты оған өзгеріс енгізілді. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі Армениядан әкелінген көліктердің иелеріне сары нөмір алуды ұсынды», – деді ол. Оның айтуынша, Армениядан әкелінетін көліктердің оң жақтағы рөлін сол жаққа ауыстыру қажет. Алайда ол да қауіпсіздікті сақтауға кепіл болмайтын көрінеді. Өйткені бұл жұмыс сапасыз жүргізілгендіктен, Атырауда жол-көлік апаты орын алып, салдарынан 5 адам қаза тапқан. Комитет төрағасының орынбасары қазіргі уақытта бұл жұмыспен қостанайлық компанияның айналысатынын тілге тиек етті.