Блогер «Nur Otan» партиясы өткізетін праймеризге жастарды көптеп қатысуға шақырды
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Nur Otan» партиясы праймериздің әділ және ашық өтуі туралы» тақырыбында өткен онлайн жиында блогер Олжас Мамыр жастарға барынша белсенді болып, праймеризге қатысуға шақырды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Өзім жас белсенді, ерікті және әлеуметтік желі белсендісі ретінде айтарым, Түркістан облысында бір жылдан бері төтенше жағдайлар болып жатыр. Яғни Арыс қаласындағы, Мақтаарал ауданында болған оқиғалар кезінде, негізінен, жастар бірінші болып көмекке ұмтылды. Қазіргі уақытта жастардың белсенділігі жоғары. Сондықтан біз, жастар, праймеризге қатысып, белсенділік танытып, ішкі жүйеге көшуіміз керек», - деді блогер. Ол өз сөзінде халықпен бірге болатын азаматтар қажет екенін нықтап тұрып айтып өтті. «Аға буын айып етпесін, жасы келген ағаларымыз көпшілігі тек мерекелік іс-шаралар кезінде, жағдай тұрақталған кезде ғана қоныс тойлар тойланатын кезде табылып жатты. Бізге қуанышты кезде табылатын депутаттар емес, халық қиын жағдайға түскенде бірге болатын азаматтар қажет», - деді Олжас Мамыр.