Елордалық партия мүшелері Дильназ Шарипованың отбасындағы мәселесін шешті
«Nur Otan» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ата-анасынан айрылып, бауырларына бас-көз болып отырған Ділназ Шарипованың үндеуіне құлақ асып, мәселесін шешіп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо. Facebook-те елорда тұрғыны Жанара Байжулдинова мәселесін шеше алмай отырған отбасы туралы жазба қалдырған. Оның сөзіне қарағанда, 19 жастағы Дильназ елордада бөлме жалдап тұрады, өзі жалдамалы жұмыс істейді және бүгінде ол үш балаға қамқор болып отыр. Оның айтуынша аға-інілерінің тұрақты жұмысы болмағандықтан бауырларына асыраушы болуына заң бойынша рұқсат берілмеген. Партия өкілдерінің араласуымен бұл отбасының мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен қатар азық-түлік себеттері, оқуға қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді. «Елордалық партия мүшелері Дильназға азық-түлік себеттерін, мектеп жинақтарын тапсырды. Балалар дереу емханаға тіркеліп, тегін тамақтану мен елордада қоғамдық көліктерде жүру талондарын беру мәселесі шешілді. Дильназды жұмысқа орналастыру мәселесі де оның өтініші бойынша қашықтан шешілді », – деді «Nur Otan» партиясының филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов. Сондай-ақ, Ерлан Каналимовтың айтуынша, Шапиповтар отбасының пәтер ақысын төлеу мәселесі де шешілген.