Оңтүстік Кореяда Абайдың корей тіліндегі өлеңдер жинағы мен пошта маркалары шықты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Оңтүстік Кореяда Абайдың корей тіліндегі өлеңдер жинағы мен пошта маркалары шықты
ашық дереккөз

Қазақтың көрнекті ақыны және ойшылы Абайдың өлеңдер жинағын енді корей оқырмандары да оқи алатын болды. Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен корей тілінде ұлы Абай Құнанбайұлының өлеңдері қамтылған «황금천막에서부르는노래» (Алтын шаңырақта шырқалған ән) атты кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды Елорда Инфо. Жалпы тиражы 1 000 дана кітапқа қазақ жазушысының 106 өлеңі мен 2 эпикалық поэмасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы енген. Кітаптың авторы – корей жазушысы Ким Бёнг Хак. Кітап авторы алғысөзінде "Абай өз бойында қазақтың салт-дәстүрін, батыстық парасаттылығын, діни руханилықты үйлестіре алып, бұл бүгінгі көпұлтты Қазақстанның негізін қалады", – деп атап өтті. Өлең жинақтарымен қоса, Оңтүстік Кореяда Абай мен әл-Фараби бейнелері жазылған маркалар пайда болды. Елдегі негізгі пошта операторы «Korea Post» алғаш рет Қазақстан маркаларын басып шығарды. Маркалардың дизайны ағылшын тілінде ұлы қазақ қайраткерлерінің 175 және 1 150 жылдығының белгілерімен дәйекті стильде жасалған. Ким Бёнг Хак 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысының Үштөбе қаласындағы корей орталығында жұмыс істеді. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде корей тілінен сабақ беріп, «Корё Ильбо» газетінің тілшісі, Алматыдағы Корей білім беру орталығының директоры қызметін атқарды. 2016 жылы автор Корея Республикасына қайта оралды. Қазіргі уақытта ол Кванжу қаласындағы ТМД кәрістерінің мәдени орталығы жетекшілерінің бірі және ТМД-дағы корейлер тарихын зерттеуші болып жұмыс істейді.