Елордада 1 мыңнан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды
Карантин режимін бұзған 1 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап. Қосымша 4 айыппұл тұрағы ашылды. Полиция қызметкерлері бақылауды күшейтті. Олар тәулік бойы қалада кезекшілік жұмыстарын атқарып жүр. Мобильді топтар, жаяу нарядтар жұмылдырылды. Өткізу-бақылау бекеттеріндегі жағдай дрон арқылы қадағаланып жатыр. Төтенше жағдай режимін бұзған 2 700-ден астам азамат әкімшілік жауапқа тартылды. 200-ге жуық адам қамауға алынып, 1800-ден астам адамға айыппұл салынды. «Карантин режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылды. Тәртіп бұзушылар қатаң жауапкершілікке тартылады. Қалада себепсіз қатынаған тұрғындардың көлігін айыппұл тұрағына, ал істі сотқа жібереміз! Полиция қызметкерлері аулаларды да тексеріп жатыр. Адамдарға көшеде жүруге қатаң тыйым салынады. Коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де бар. Өз уақытыңыз бен біздің уақытымызды зая кетірмеңіз. Барлық шаралар сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды», - деп атап өтті қалалық полиция департаменті. Атап өтсек, тұрғындарға жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, медициналық қызмет алуға және қызметі рұқсат етілген жағдайда жұмысқа баруға рұқсат.