Елорда аумағын масалардан зарарсыздандыру жоспары 20%-ға ұлғайды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елорда аумағын масалардан зарарсыздандыру жоспары 20%-ға ұлғайды
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласында маса мен шыбын-шіркейлерге қарсы дезинсекциялау жұмыстары басталды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап. Жұмыстар таңертең және түнгі уақытта жүргізілуде. Бірінші кезеңде жертөлелер, су қоймалары қамтылады. Биыл масалардан зарарсыздандыру жоспары қала аумағында 20%-ға, су қоймаларында 25%-ға ұлғайды. «Су қоймалары мен қорғаныс бөгеттерін дер кезінде өңдеп, масаларды дернәсіл кезеңінде жою маңызды. Бұл шара масалардың қаланың кварталішілік аумақтарында көбеюін болдырмауға мүмкіндік береді. Масалардың көбеюі үшін қолайлы жағдайдың туындауына байланысты 15 сәуірден бастап қаланың су айдындарында және қорғау кедергілерінде жәндіктерге қарсы кең ауқымды дезинсекция жұмыстары басталды», – деді қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін дезинсекция жұмыстары қаланың кварталішілік аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, көшелерде жүргізіледі. Масалармен тиімді күресуде жертөле, мектеп, балабақша аумақтарын, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын, базарлар, сауда үйлерін өңдеу маңызды.