Астанада Наурыз мейрамына орай инновациялық киіз үй орнатылды
Наурыз мейрамына орай ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында Nur Alem маңына жақын жерде көшпелі өркениет фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Фестиваль алаңында этноауыл орнатылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қолөнершілер өздерінің шеберліктерін көрсетіп, білімдерімен бөлісу үшін жиналды.
Мұнда сіз қолдан жасалған бұйымдарды тамашалай аласыз, ұлттық ою-өрнектер мен кесте, кілем тоқу, киізден жасалған көне тоқыма өнері, тіпті сауыт жасау бойынша бірегей шеберлік сабақтарына қатыса аласыз.
Фестивальдің басты ерекшелігі – жасанды интеллект көмегімен жасалған өнер, дизайн, анимация заттарын қамтитын Neo Nomad инновациялық киіз үйі орнатылды.
Сонымен қатар, ЭКСПО аумағында Шығыс жәрмеңкесі ашылды. Мұнда қонақтар этникалық стильдегі дизайнерлік киімдерді, сәнді және шебер жасалған зергерлік бұйымдарды, керамика, металл, былғары және жібектен жасалған әдемі бұйымдарды және ұлттық кәдесыйларды таба алады. Әркім өз қалауы бойынша "Наурыз базарында" тауар сатып ала алады.
Оған іргелес ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі бар, онда тауар өндірушілер өз өнімдерін базардағы бағадан арзан сатады.