Коронавирус инфекциясына бей-жай қарауға болмайды – бас санитарлық дәрігер
ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова онлайн брифингте инфекция қаупінің әлі де сейілмегенін айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Өз бетінше тексерілуге баратындар арасында да вирус жұқтырғандар саны көбейді. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Павлодар, Ақтөбе, Қостанай облыстарының тұрғындары жиі қаралады. Коронавирус инфекциясын жұқтырып жатқандардың көбеюінің тағы бір себебі адамдардың көпшілігі карантин аяқталды деп санап, санитарлық тәртіпті сақтамағандықтың салдарынан болып отыр. Алайда бұған бей-жай қарауға болмайды. Қауіп әлі сейілген жоқ. Бұл вирустың зардабы ауыр. Әсіресе қарияларға ауыр әсер етеді. Қазіргі уақытта ұжымда және қонаққа барғанда адамдар қарапайым санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтамайтын болды. Мұндай оқиғалар вирус жұқтырғандардың санын одан сайын көбейтіп отыр», – деді ол.