ҰБТ-ға дайындық: Оқушылар онлайн оқытудың кемшілігі мен артықшылығын атады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![ҰБТ-ға дайындық: Оқушылар онлайн оқытудың кемшілігі мен артықшылығын атады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17212061668601833.webp)
Мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылында онлайн оқытуға тап болған Нұр-Cұлтан қаласының №76 мектеп-лицейінің 11 Б сынып оқушысы Дәулет Әбдурақым өз ойымен бөлісті. «Мақсатым – ҰБТ-ны жақсы тапсырып, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түсу. ІТ маманы болғым келеді. Бұл мамандыққа түсу үшін физика мен математиканы таңдау керек. Қазір тестілеуге белсенді дайындалып жатырмыз. Аптасына үш рет сынама тестілеуден өтеміз. Дайындық болып жатса да, кейбір қиындық бар. Қашықтан оқыған қиындау екен. Түсінбей қалған тақырыптар бар. Оны мұғалімнен жеке сұрағың келеді, бірақ оны сұрай алмайсың. Тек сабақта кері байланыс кезінде немесе жеке сұрауға болады. Өзіме онлайн оқыту ұнаған жоқ», - деді Дәулет Әбдурақым. Ал осы мектептің 11 В сынып оқушысы Ақжан Таманбай да тестілеуге дайындық барысы қалай жүріп жатқанын әңгімеледі. «Мен химия, биология пәндері бойынша дайындалып жүрмін. Медицинаны таңдадым, дәрігер болғым келеді. Астана және Қарағандыдағы университеттерге тапсырып көремін. ҰБТ-ға оныншы сыныптан бастап дайындалып жүрмін. Дайындық жақсы. Сынама тестілеу мен қашықтан оқыту курстарына қатысамын. Мектеп мұғалімдері де дайындайды, қосымша басқа да оқыту орындарына барамын. ҰБТ-ға дайындық қиын емес деп ойлаймын. Жақсылап дайындалсаң, ешқандай қиындық жоқ. Бір жыл бұрын мектеп бітіргендердің айтуынша, сұрақтар көп, оларды жаттаудың керегі жоқ, тек әр тақырыпты түсініп оқу қажет. Қаншалықты көп уақыт бөлсең, соншалықты өзіңе пайдалы болады. Және де, тек кітап емес, арнайы Youtube арнасын қарасаң да, көп пайдалы кеңес беріледі. Соны тыңдаймын. Мысалы, ҰБТ-да ең бастысы қобалжымау керек, әйтпесе білген нәрсенің бәрін ұмытып қаласың дейді. Сондықтан өзіңе сенімді болып, бар оқығаныңды көрсетсең, жақсы нәтиже шығады деп ойлаймын. Түлектерге тестілеу күні ұйқыны қандырып, қатты уайымдамауға кеңес берер ем. Қолдарыңнан бәрі келеді деп ойлаймын. Бәріне сәттілік», - дейді түлек. Ақжанның айтуынша, биылғы онлайн оқытудың кемшіліктері де, жақсы жақтары да бар. «Кемшілігіне келсек, мектепке барып оқыған жақсырақ деп ойлаймын. Себебі ұстаздардан сұрай аласың. Оқушылармен қатар жүрген де тамаша. Бір-бірімізбен араласамыз. Ал артықшылығы, қашықтан оқығанда уақытыңды үнемдейсің», - дейді оқушы қыз. Дәулет те, Ақжан да ҰБТ санитарлық талаптардың сақталуымен өтетіні, яғни оқушылар арасында қашықтық сақталатыны, температура тексерілетіні жайлы естігенін айтты. Соңғы қоңырау кеш болса да, болады деген болжамды естіп қуанғандарын да жасырмады.
Қымбат Елтайқызы
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)