Елорда блок бекеттері жаңа алгоритм бойынша жұмыс істеп жатыр - полиция

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елорда блок бекеттері жаңа алгоритм бойынша жұмыс істеп жатыр - полиция
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ғосман Жакин астанадағы жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Елімізде 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі тоқтатылды. Бірақ карантин режимі сақталды. Блок бекеттер жаңа алгоритм бойынша жұмыс істеп жатыр. Оған сәйкес, қала сыртындағы алты блок бекетте полиция, әкімдік қызметкерлері мен дәрігерлер санитарлық-карантиндік бақылау жасауда. Блок бекеттерден өте алатындар: қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері; төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін жұмысын қайта бастаған ұйым қызметкерлері; саяжай учаскелеріне баратындар; медициналық көмек алатындар; егіс жұмысымен айналысатындар; Ақмола облысының төрт ауданы, яғни Целиноград, Аршалы, Шортанды және Қорғалжын аудандарының тұрғындары; басқа өңір тұрғындары қажетті құжаттар толтырады; жерлеу рәсіміне байланысты қатынайтындар; шетел азаматтары; кәмелетке толмаған балаларына бара жатқандар; сырқат туысына күтім жасауға баратындар; ұшақпен қатынайтындар; су тасқынына байланысты Түркістан облысына көмекке баратындар; азық-түлік пен басқа да тауар таситындар және транзит. Басқа мәселелер жеке қаралады», - деді Жакин Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Оның айтуынша, Нұр-Cұлтан қаласының карантин аймағын кесіп өтетін әрбір тұлға «Сергек-Блокпост» деректер базасында міндетті түрде есепке алынуы керек. Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.