Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ережеге АҚШ қызығушылық танытып отыр
Медициналық ақпараттық жүйелердің өзара әрекеттесуі кезінде алмасатын ақпараттың мәнін бірдей түсінуді қамтамасыз ету үшін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.А. Әбішев 2020 жылы 23 сәуір күні «Цифрлық денсаулық сақтау кеңістігінде объектілік сәйкестендіргішті беру туралы» ережесін бекіткен болатын. Бұған АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ереже бір платформада бірыңғай орталықтандырылған медициналық деректердің қоймасын құруға мүмкіндік береді. COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде аталған тақырыптың өзектілігін ескере отырып, АҚШ Қорғаныс министрлігінің қауіп-қатерді азайту жөніндегі агенттігі ҚР Денсаулық сақтау министрлігін BNSR (Biosurveillance Network of the Silk Road countries) онлайн сессиясына Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша тәжірибесін өзге мемлекеттермен бөлісу үшін спикер ретінде шақырды. Барлық сессиялар BNSR платформасында Жібек жолы елдерінің эпидемиологтары мен медицина мамандары үшін ашық алаңда өткізіледі. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Биологиялық қауіпті азайту жөніндегі бағдарлама аясында АҚШ-тың серіктесі болып саналады. Қазіргі уақытта екі тараптың да бағдарлама сарапшылары COVID-19 пандемиясына қарсы күреске белсенді тартылған. Сондай-ақ, Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа елдерінен шақырылған тар бейінді сала мамандары мен кәсіби медицина саласының тыңдаушыларымен және қатысушыларымен тұрақты негізде бейнеконференциялар өткізіліп тұрады. Өткен аптада қазақстандық медициналық мекемелер мен үкіметтік құрылымдардың өкілдері коронавирусты емдеу хаттамаларына, таралуына, ғылыми тәсілдеріне қатысты сессияларға қатысқан болатын.