Бір вагоннан екінші вагонға өтуге тыйым салынады – Байғабылов теміржол қозғалысы туралы айтты
Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов теміржол қозғалысының талаптары туралы айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. «1 маусымнан бастап теміржол қозғалысының іске қосылуына байланысты Көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті теміржол вокзалы мен тасымалдаушыларға және жолаушыларды тасымалдауға қызмет көрсетушілерге арналған Қаулы шығарды. Карантиндік-санитарлық талап бойынша, біріншіден, теміржол вокзалына кіру үшін жолаушылар медициналық бетпердеде болуы тиіс және қолында жол жүру билеті болуы қажет. Оларға ғимаратқа кірген кезде қауіпсіздік қызметі байланыссыз термометрия арқылы тексеріс жүргізеді. Теміржол ғимаратынан бастап вагондарға дейін ревизия жұмыс жүргізеді. Желдеткіштер толықтай іске қосылады. Жол серіктері анкета тотыру жұмыстарын жүргізеді. Тағы бір маңызды шаралардың бірі пойыздарда дезинфекция жиі жүргізіліп тұрады. Мамандарға медициналық бетперде мен қолғап кию міндеттеледі. Сонымен қатар жолаушылардың вагоннан басқа вагонға өту қозғалысына тыйым салынады. Жолаушылар мен қызмет көрсетушілерде де санитарлық-гигиеналық құрал-жабдықтар, антисептик, дәрі-дәрмек болуға тиісті. Сондай-ақ теміржол вокзалдарына жолаушыларды шығарып салушыларға кіруге рұқсат берілмейді», – деді ол.