Қазақстанда құрылыс процестерінің ашықтығын бақылайтын жоба басталады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда құрылыс процестерінің ашықтығын бақылайтын жоба басталады
ашық дереккөз

Құрылыс процестерінің ашықтығын және объектілер құрылысының сапасын бақылауды күшейтудегі құралдардың бірі ретінде «е-Qurylys» жобасын іске асыру көзделіп отыр.  Бұл туралы Елорда Инфо ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. «Осы жоба арқылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, халықты әлеуметтік қорғау, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді және басқа да мүдделі органдарды тарта отырып, құрылыстың барлық қатысушылары үшін (Тапсырыс беруші, мердігерлік ұйым, техникалық және авторлық қадағалау) бірыңғай цифрлық алаң құру жоспарланған», делінген хабарламада. «е-Qurylys» жобасы құрылысқа қатысушыларға жүктелген міндеттемелерді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы орындауға (қағаз құжат айналымын барынша азайту) және ақпараттық деректерді кейіннен түзету мүмкіндігінсіз сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы жүйеге бейнені тіркеу және жазу құралдарын қосу көзделген. Бұл мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының және басқа да бақылаушы мекемелердің объектілер құрылысының барысын қадағалауын және камералдық мониторингілеуді қамтамасыз етеді.