Тоқаев Мақтаарал ауданы жайлы: Зардап шеккен әрбір азамат қамқорлықсыз қалмайды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тоқаев Мақтаарал ауданы жайлы: Зардап шеккен әрбір азамат қамқорлықсыз қалмайды
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. «1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болды. Бұл – техногенді сипаттағы төтенше жағдай. Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды. Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады. Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік», - деді Қазақстан президенті. Тоқаевтың айтуынша, қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда. «Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз. Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Жалпы, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін», - деді Қ.Тоқаев. Оның айтуынша, тасқын болған жерде әкімдік, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдай жөніндегі комитет бөлімшелері және полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. «Отандық және шетелдік ірі бизнес өкілдері де зардап шеккен тұрғындарға айтарлықтай көмек бергенін ерекше атап өткен жөн. Мұндай азаматтарды халқымыздың шынайы патриоттары, тілеулестері деуге болады», - деді президент.