Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік дамуы туралы баяндады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік дамуы туралы баяндады
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Қазақ радиосына» берген сұхбатында елорданың әлеуметтік дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды Елорда Инфо. Әлемдік тәжірибені ескеретін болсақ, карантин жариялаған елдерде бұл мәселе тиісті дәрежеде қолға алынды. Ушығып кеткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде шешім қабылдап, төтенше жағдай жариялады. Соның нәтижесінде біз вирустың кеңінен таралуына жол берген жоқпыз. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге шетелдік тәжірибені зерттеп отырмыз. Мемлекеттік комиссия Президенттің тапсырмаларын күнделікті бақылауда ұстап отырды. Мысалға алатын болсақ, Қытай қатаң, темірдей тәртіптің арқасында карантиндік шектеуді алып тастады. Ал Оңтүстік Корея да дәл осындай тәртіптің арқасында нәтижеге қол жеткізді. Сол сияқты Сингапур мен Еуропаның кейбір елдері жақсы көрсеткішге жетіп отыр. Ал теріс нәтижеге тоқталар болсам, дамыған елдердің өзінде де карантинді дер кезінде қабылдамауы себепті көптеген адам шығынына тап болды. 100 мыңдаған адам ауырып, ауруханаға түсті. Ал бізге, яғни Нұр-Сұлтан қаласына үш қағидат қажет. Бірінші дер кезінде шешім қабылдау, екіншісі ауқымды іс-шаралар, үшіншісі тәртіп. Осы үш қағидатты сақтай отырып, тиісті нәтижеге қол жеткізе алдық.

***

Вирус бізге шетелден келді. Сондықтан ұшақпен келген азаматтарды мейманханаларға орналастырып, оларды тест тапсырып, соның қорытындысы шыққаннан кейін ғана қалаға кіргіздік. 2 500-ге жуық адамды тесеруден өткізіп, соның ішінде 10 адамнан вирус анықталғандықтан, оларды қалаға кіргізген жоқпыз. Өйткені бір адам бақылауға алынса, оның өзі мыңдаған адамды инфекциялайды. Одан бөлек вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды тексеріп, оларды қаладағы стационарларға карантинге жатқызып отырдық. Үй карантинінде де отыр. Қазір де сол жұмыстар жалғасып жатыр. 768 адам инфекцияланған. Соның 45 пайыздан астамы дәрігерлердің көмегінің арқасында емделіп шықты. Өкінішке қарай, 3 адам шығыны болды. Бұл жағдай қайталанбас үшін, яғни инфекцияланған адамдар қатары көбеймес үшін карантин тәртібін сақтау қажет.

***

Қазіргі уақытта баспана кезегінде 49 мың адам тұр. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелейтін жанұялар, жалғызбасты отбасылар, зейнеткерлер, бюджеттік қызметкерлер бар. Дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер, басқа да әлеуметтік саладағы қызметкерлер бар, олардың бәрі мұқтаж азаматтар. Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары бар. Биыл біз Президент тапсырмасына сәйкес, былтырға қарағанда үш есе көп баспана тапсырамыз. Биыл елордада 8 мыңға жуық пәтер салынады. Оның бір бөлігі кезекте тұрған азаматтарға берілсе, қалғаны ТҮҚЖБ салымшыларына беріледі. Аталған банк салымшыларының қатарында баспана кезегінде тұрғандар да көп.

***

Осы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде едәуір тәжірибе жинақтап қалдық, дәрігерлеріміз де, санитарлар да, сала мамандары да. Қоғам да бұған түсіністікпен қарап отыр. 16 наурызда Президентіміз төтенше жағдай жариялағаннан кейін 22 наурыздан бастап қаланың карантинге жабылғанын білесіздер. Тиісті шаралар қолға алынды. Оның нәтижесі де жаман емес. Дегенмен әлі де босаңсуға болмайды. Байланыста болған азаматтарды әлі де тексерістен өткізіп жатырмыз.

***

Біз 20 сәуірден бастап бірқатар кәсіпорынның жұмысын қайта жүргізуіне рұқсат бердік: құрылыс нысандары, жол жөндеу, құрылыс дүкендері. Одан кейін дүкендер, қызмет көрсету орындары, адвокаттар, нотариустар, жеке медициналық қызметтер жұмысын бастады. Олар біріншіден жұртты жұмыспен қамтып жатыр. Бірақ біз санитарлық нормаларды сақтауда ұқыпты болуымыз керек. Карантинді ұмытпауымыз керек. Егер қазір босаңситын болсақ, бұрынғы қалпымызға қайта оралуымыз мүмкін. Оған жол бермеуіміз қажет.

***

Бүгінде 20-дан аса байланыста болған адамдарды белгіледік. Кейбір ұйымдарды және кейбір тұрғын үйдің кіреберістерін карантинге жауып жатырмыз. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет. Осындай жұмыстар жалғасуда. Әрине, бұл қаланың тыныс-тіршілігіне септігін тигізді. Мысалы, көптеген кәсіпорындар жабылды. Шағын және орта кәсіпорындар, дүкендер, қызмет көрсететін орындар мен қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылды. Осының бәрі жасалуға тиіс болды. Ол кезде ЖРВИ маусымы әлі аяқталмаған болатын. Қазір күн жылынды. Дегенмен әр азамат өзінің, қариялар мен балалардың, әртүрлі сырқаты бар адамдардың денсаулығын күтіп, сақтану қажет. Балабақшалар әлі де жабық. Ал мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан білім алып жатыр. Бұл өте қажетті шаралар.

***

11 мамырда төтенше жағдай тоқтайды. Бірақ санитарлық нормалар қала береді. Ал қоғамдық көліктер туралы мемлекеттік комиссияға ұсыныс береміз. Бәрі дұрыс болса, қоғамдық көліктер жұмысын бастайды. Бірақ жаңа талаптар енгіземіз. Біріншіден, жүргізуші қашықтықта болуы керек. Қолма-қол ақша жүрмейді. Статистикаға сәйкес, бізде күніне 700 мыңнан астам адам қоғамдық көлікпен жүреді. Ол үлкен қауіп. Сол себепті біз жедел штабта қауіпсіздік үшін қоғамдық көліктердің жұмысын тоқтаттық.

***

Бізде кәріз жүйелері проблемасы бар. Су жиналатын тек бір учаске емес. Қауіпті деген 37 учаске бар. Ал тұтастай алғанда, сондай жүзден астам орын бар. Әсіресе, жеке секторда, қаланың шеткі аймақтарында кездеседі. Қазір біз жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Б.Момышұлы даңғылында жұмыс жүріп жатыр. Ол келесі жылы аяқталады. Биыл бірқатар мәселені шешеміз. Бірнеше көшеде кәріз жүйелері жасалып жатыр.Сондай проблема Тәшенов, Иманов көшелерінде, Республика даңғылында бар. Жауын суын өзенге құю жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл проблема Тұран даңғылында да бар. Былтыр екі орынның проблемасы шешілді. Бұл бақылаудағы жұмыс. Нұр-Сұлтан – Сарыарқаның қақ ортасында салынған шаһар. Біз тегіс жерде тұрмыз. Су кететін жер жоқ. Таулы жер болса су ағып, арнасын табар еді. Біз еуропалық тәжірибені де зерттедік. Сондықтан соңғы технологияларды қолдана отырып, кәріз желілерін салып жатырмыз.

***

Азаматтардан сұрайтынымыз, өзіңіздің ғана емес өзгелердің де қауіпсіздігі үшін маска кию керек. Медициналық масканы, қолғаптарды қазір жүйелі түрде дәріханаларға жеткізіп жатырмыз. Антисептиктер де бар. Мұның бәрін тұрақты пайдалану керек. Бұл күнделікті талаптар, оны ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ дистанция сақталуы қажет. Ал автобуста арақашықтықты сақтау қиын. Сол себепті масканың маңызы зор. Қазір біз мейрамханалардың жұмысын бастауына рұқсат берген жоқпыз. Себебі санитарлық дәрігерлер әлі ерте деп жатыр. Оның да уақыты келер. Біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарын да ашамыз. Оған қатысты тиісті тәжірибені жинадық. Адамдар тұратын жерге екі метр қашықтықты белгілеп қойдық.

***

Мектептердің жетіспеушілігі – қаладағы жалпы мәселелердің бірі. Оған жүйелі түрде қарау керек. Қазіргі уақытта қаладағы тұрғындар саны көбейіп жатыр. Сондықтан да үш ауысымды мектептер көбейіп, осындай мәселелер туындауда. Бүгінде елорда тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңды құрайды. Демографиялық өсім де бар. Оның бәрі қуантады, әрине. Алайда оқушыларды тиісінше мектеппен де қамтамасыз ету керек. Мұндай мәселе Ұлы Дала көшесінде ғана емес, Сауран көшесінде де бар. 3 ауысымды мектептер көп. Мысалы, 10 жыл бұрын 1-сыныпқа 9 мың бала барса, соңғы жылдары олардың саны 25 мыңға жетіп отыр. Қазіргі уақытта қаладағы 15 жасқа дейінгі балалардың саны бұрынғы Целиноград қаласының тұрғындарынан көп. Мысалы, №59 мектеп 1 200 оқушыға арналған болса, онда 4 500-ден аса бала оқиды. Бұл мұғалімдерге үлкен салмақ. Білім сапасына да едәуір әсер етеді. Сондықтан біз биыл 10 мың орындық 12 мектеп саламыз. Ол екі ауысым болса, 20 мың оқушыны қамтиды. Мысалы, Ұлы Дала көшесі сияқты жаңадан салынып жатқан аудандарда мектеп жоқ. «Nova City» тұрғын үй кешенінде тұратын балалар Мәңгілік Ел даңғылынан бұрылғанда «Family Village» тұрғын алабындағы 1 200 орындық жаңадан салынған мектепке барады. Ол жерде балабақша да салынды. Жоғарыда айтқан 12 мектептің құрылысы былтыр басталған. Биыл да сонша мектептің құрылысын бастауымыз керек. Өйткені оқу жылы басталғанда оқушылар саны тағы да арта түседі. Алайда біз барлығын қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекеттік жекеменшік-әріптестік қағидасы бойынша да мектептер салуды бастаймыз. Тағы да сондай 10 мектеп салынады деп жоспарлануда. Үлкен, ауқымды мектептерді салу да жоспарымызда бар. Яғни әр мектеп 2 мың орындық болса, онда екі ауысымда 4 мың бала қамтылады. Оның жобасын әзірге пысықтап жатырмыз. Ол мектептер заман талабына сай компьютерлермен, зертханалармен, тиісті еңбек сыныптарымен қамтамасыз етілетін болады. Мұның бәрі біздің бақылауымызда. Егер биылғы жоспарларымыз жүзеге асырылса 60 мың баланы мектеппен қамтамасыз етеміз. Бұл біздің басты назарымызда тұрған мәселелердің бірі. Сондықтан біз оны тиісінше атқаратын боламыз.

***

Іс жүзінде тұрғын үйдің ауласын абаттандыру проблемасы кездесіп жатады. Бұл біріншіден, адамның жауапкершілігіне байланысты. Бес саусақ бірдей емес. Өкінішке қарай, қоғамда өз жұмысына жауапсыздықпен қарайтын мердігерлер бар. Бірақ біз оларды қадағалап отырмыз. Қаланың ескі жағында да, жаңадан салып жатқан үйлерде де бар. Қазір абаттандыруға үлкен көңіл бөлінеді.

***

Үлескерлер қайдан пайда болды? Біріншіден, бұл мердігердің жауапсыздығы. Олардың қылмысқа баруы, адамдарды алдап, бір пәтерді бірнеше рет сатып, мойнына алған жауапкершілікті орындамай, көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алып жүргендердің проблема туындатуы. Он жылдан астам уақыт бойы проблемасы шешілмей жатқан үйлер бар. Заңды, ережелерді орындамайтындар бар. Біз жылдың басынан бері бәрін қарап, бақылап, бірнеше нысан құрылысын тоқтаттық. Кейбіреулер бізді, халықты алдағысы келді. Сондықтан бәрінің тізімін біз халыққа жарияладық. "Міне, осы компанияларға мұқият болыңыздар, олардың қазір рұқсаты жоқ" дедік. Біз тізімді жариялағаннан кейін адамдар қимылдай бастады, жаңағы мердігерлер келіп, өзін рәсімдеуге кірісті. Бұрын бізге білдірмей сатамыз дегендер болған. Біз алдауға жол бермейміз. Халық білсін деп біз көрсеттік. Прокуратурамен, бақылаушы органдармен бірге қадағалап отырмыз. Егер содан тиісті нәтиже шығармаса, біз ол компаниялардың лицензиясын аламыз.

***

Қазіргі пандемия бізге басқаша көзқараспен қарауды талап етіп отыр. Өткен жылы бізде 400-ге жуық медицина мамандарының жетіспеушілігі болса, біршама маман жұмыспен қамтамасыз етілді. Алайда бұл мәселе әлі де толық шешілген жоқ. Сондықтан медициналық білім беретін оқу орындарына, жас мамандарға қолдау көрсетуіміз қажет. Сонымен қатар дәрігерлердің біліктілігін арттыруымыз керек. Қазіргі карантин кезі де дәрігерлерге үлкен салмақ салуда. Бірқатар аурухананы тек қана вируспен күреске жұмылдырдық. Қаладағы 2 мыңға жуық дәрігерге Президенттің Жарлығына сәйкес сыйақы берілуде. Ол 1 миллиард теңгені құрайды. Елбасының Үндеуі бойынша көптеген меценаттар қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ Тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясы 2 миллион медициналық бетперде таратты.

***

Қала сыртынан инфекциялық жаңа аурухана салынды. Өткен жұмадан бастап ол жерде алғашқы пациенттерді қабылдауды бастады. Ал бұрынғы инфекциялық аурухана нақты инфекцияға бейімделмеген. Яғни ондағы дәліздегі ауа басқа бөлмелерге жетпеуі керек. Қолданылған заттардың бәрі утилизациялануы керек. Сондай арнайы орындар бар. Онда қызыл-жасыл бөлікке бөлінді. Мысалы, науқастар мен дәрігерлердің арақашықтығы сақталуы керек. Бүгінде өздеріңіз білесіздер, біршама медициналық мамандары да вирус жұқтырды. Сондықтан біз науқастар мен мамандардың қаупсіздігін барынша сақтауымыз керек. Ал жаңа ауруханада осындай қатаң талаптарды енгізіп отырмыз.

***

Бізде 15 мыңға жуық үлескер бар. Әр адам, әр үлескер - бір отбасының мүшесі. Жанұяда үш, бес, он адам бола ма, соны көбейте беріңіз, қанша адам зардап шегіп отыр. Кезінде Елбасының тапсырмасы бойынша 40 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның арқасында біз біраз мәселені шештік. Биыл президент тапсырмасына сәйкес, тағы да қосымша қаржы бөлінді. Өткен жылы 2500 үлескер өзінің проблемасын шешті, бұл 10 үй. Биыл біз жыл соңына дейін 20 тұрғын үй кешенін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Егер осы мәселенің бәрін аяғына дейін жеткізсек, биыл 8 мың үлескердің проблемасы шешіледі. Біздің көздеп отырған мақсатымыз – үлескерлердің әрқайсысының қолына пәтер кілтін табыстау.

***

Біздегі тағы бір мәселе Теміржол ауруханасының апатты жағдайда болуы. Соған орай түркиялық инвестормен келіссөз жргізілді. Ол компания мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа заманауи аурухана салмақ. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігімен бірге оның тиісті құжаттары қарастырылып жатыр. Колледж бен университеттің студенттері сол жерге тәжірибеден өтетін болады.

***

Барша азаматтарымызды Рамазан айымен құттықтаймын. Әрдайым береке-бірлігіміз жараса берсін. Бір-бірімізді қолдап-қолпаштап жүруіміз керек. «Біз біргеміз» деген акция да жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар уақытша табысынан айырылған азаматтарға мемлекет тарапынан ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем беріді. Мұндай көмекке 300 мыңға жуық азамат ие болды. Мұның өзі 12 миллиард теңге қаржыны құрап отыр. Бұл төлем осы мамыр айында мұқтаж адамдарға тағы да беріледі. Сол сияқты әлеуметтік жағынан аз қамтылған 2 700 отбасының 4 500 баласына 60 миллион теңге бөлінді. 500 миллион теңгелік арнайы әлеуметтік төлем 3 мың отбасыға берілді. «Біз біргеміз» акциясы бойынша «Нұр Отан» партиясының тарапынан берілген 50 мың теңгелік көмекті 42 мың отбасы алды. Сонымен қатар азық-түлік бойынша 17 мың отбасыға 550 миллион, яғни жарты миллиард тегенің көмегі көрсетілді. Тұтас алған кезде бір айдың ішінде 15 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді. Бұл аз ақша емес.

***

Әрине, бұл бюжетке аса ауыр салмақ. Сондықтан азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Қалған отбасыларға көмек көрсетіп, бір-бірімізге қол ұшын созуымыз керек. Сонда ғана біз осындай сынақтан өтеміз. Себебі біз тәуелсіз мемлекетпіз. Ата-бабамыз аңсаған осындай тәуелсіздікке қол жеткіздік. Біз бақытты ұрпақпыз. Осы тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек. Қазір күн жылынды, барлығы далаға шыққысы келеді. Жұмысқа барып жатыр. Бірақ қауіп әлі толықтай сейілген жоқ. Сондықтан барынша сақтанып жүру керек. Әр адам бірінші өзін, содан соң басқаларын да сақтау қажет.