Елордада 200-ге жуық бала жас патриоттар қатарына қосылды
Елордада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар студиясының тәрбиеленушілері «Жас сарбаз» республикалық қозғалысына қабылданды, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шара Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 112 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Оған Қарулы күштердің ардагері отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов, «Medi» шығармашылық орталығының продюсері, хор жетекшісі әрі вокалисі Халипа Боқанова, «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, балалар студиясының педагогтары мен шығармашылық ұжымы қатысты.
Оқушылар салтанатты жағдайда ант беріп, жас патриот куәлігін алды.
Сендерді осы маңызды оқиғамен құттықтаймын! Бүгінде бүкіл еліміз бойынша 250 мыңнан астам адамды біріктіретін үлкен ұжымға қосылып отырсыңдар. Оқуда озат болыңдар, шығармашылықта сәттілік тілеймін! Отанымыздың лайықты азаматы болып өсіңдер, - деді Мейірбек Меңдіғалиев.
Іс-шара барысында әскери-патриоттық тәрбиеге, жас ұрпақтың қабілеті мен талантын дамытуға үлес қосқан азаматтар көтермеленді. «Medi» шығармашылық орталығының продюсері Халипа Боқанова Қазақстан Қорғаныс министрінің атынан алғыс хатпен марапатталды. Ал отставкадағы генерал-майор Марат Нағұмановқа құрмет пен алғыс белгісі ретінде жас әртістер әнін сый жасады.