Отандық ғылымды алда қандай өзгерістер күтіп тұр – министр жауабы
Алдағы 2 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Egemen Qazaqstan-ға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо. "Алдымен қаржыландыру мәселесіне тоқталайын. Қазақстан Президентінің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғаяды. 2020 жылдан бастап жаңа бюджеттік бағдарлама іске қосылып, зерттеу институттарының ғылыми инфрақұрылымын жыл сайын жаңартып отыруға қаражат бөлінді. Жалпы, 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру ІЖӨ-нің 1 пайызын құрауы тиіс. Соның нәтижесінде биылдың өзінде 30 миллиард теңге көлемінде кезектен тыс гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары жарияланады. Елбасының бастамасымен Жастар жылында алғаш рет жас ғалымдардың жобаларын қаржыландыру үшін байқау жарияланды. Қаржыландыру көлемі 9 миллиард теңге болатын жоба 2020-2022 жылдарға арналған. Бұл ғылымға жастарды тартуға, оларға қолдау көрсетуге ықпал етті", – деді министр. Сонымен қатар ол сала мамандарымен кері байланыс орнатуға аса мән беретінін атап өтті. "Біз сала мамандарымен кері байланыс орнатуға аса мән береміз. Ғалымдар гранттық конкурстарды бұрынғыдай 3 жылда 1 рет емес, жыл сайын өткізу мәселесін көп көтерді. Бұл расымен де өте маңызды, өйткені 3 жыл ішінде зерттейтін жаңа өзекті проблемалар туындайды, оның үстіне грант алмаған ғалым келесі конкурсты 3 жыл күтуі керек болатын. Соның салдарынан кейбір ғалымдар өз қызметтерінің бағытын өзгертті. Бұл мәселе түбегейлі шешілді. 2020 жылдан бастап гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жыл сайын жүргізіледі. Сондай-ақ шағын зерттеулер жүргізуге арналған гранттар, іске асырылу мерзімі 1 жылға дейінгі мерзімді гранттар және шетелдік ғалымдармен бірлесе отырып коллаборация негізінде зерттеулер жүргізуге арналған арнайы гранттар енгізіледі", – деді А.Аймағамбетов. Оның айтуынша, ғылым мен бизнес тығыз байланыста болғанда ғана өндіріс дамиды. "Сондықтан басым көпшілігі бизнес өкілдерінен тұратын және ғылыми-ғылыми-техникалық қызмет нәтижелілігін коммерцияландыру жобаларына бағдарланған жеке ҰҒК құру жоспарланып отыр", – деді Білім және ғылым министрі.