Отбасы басқармасын құру туралы ұсыныс Ұлттық агенттікке жолданды
Елордадағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Астана қаласы әкімдігі әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Комиссия құрамында мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, басқарма басшылары, ҮЕҰ жетекшілері, журналистер және қалалық мәслихат депутаттары бар.
Бір айта кетерлігі, комиссия жұмысы «Отбасы құндылықтар», «Отбасындағы қиын жағдайларды талдау», «Әйелдер көшбасшылары» секілді үш топ бойынша жүргізіледі.
Биыл ұлттық комиссияның 20-дан аса отырысы өтті.
Қалада қырыққа жуық демографиялық саясатқа байланысты арнайы мекеме бар. Аналар үйі, дағдарыс орталықтары және басқа да ұйымдардың жұмысымен танысып, аталған мекемелердің жылдық қорытындысы бүгінгі жиында талқыланды. Биыл комиссия тарапынан Астана қаласында Отбасы басқармасын құру туралы ұсыныс Ұлттық агенттікке жолданды. Ендігі мақсат – осы мәселені соңына дейін жеткізу. Сондай-ақ биыл 30-дан астам қиын өмірлік жағдайына тап болған баланың жағдайын реттесуге көмектестік. Меніңше, бұл комиссия жұмысының үлкен нәтижесі. Біздің жұмысымыз жас жеткіншектердің балалар үйіне өтіп кетпеуіне және қоғамда өз орнын табуға септесті деп білемін, - деді комиссия төрағасының орынбасары әрі қоғам белсендісі Назгүл Мақажан.
Комиссия мүшесі Ырза Тұрсынзада әр отырыста қоғам мәселесін талқылаумен қоса, шешу жолын басшылыққа алатынын жеткізді.
Жұмыссыздық, кәсіп бастау, отбасындағы күрделі ахуалдардың шешілуіне біздің комиссия негіз болады. Бірқатар жұмыстар атқарылып, жемісін беріп жатыр. Мәселен, «Бақытты отбасы» орталығының өзі қаншама қыз-келіншіктерді ақысыз оқытып, болашағына жол ашты. Ондай мысалдар өте көп. Сондықтан өзімнің әріптестеріме атқарған қызметі үшін алғысымды білдіргім келеді, - деді ол.
Елордадағы «Үміт» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 18-ден 58 жасқа дейінгі аралықтағы келіншектерді балаларымен бірге қабылдайды. Бұл туралы бүгінгі жиынға қатысқан орталық директоры Галихан Куканбеков айтты.
Дағдарыс орталығы қызмет алушыларға сегіз бағыт бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді Олар: тұрмыстық-әлеуметтік; әлеуметтік-психологиялық; әлеуметтік-құқықтық; әлеуметтік-медициналық; әлеуметтік-мәдени; әлеуметтік-экономикалық; әлеуметтік-еңбектік; әлеуметтік-педагогикалық қызметтер. Мұнда жыл басынан бері 244 қызмет алушылар қабылданды. Олардың ішінде 77 әйел болса, ал қалғаны балалар, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Галихан Ихсанұлы.
Жиын соңында комиссия мүшелері белсенді қызметі үшін Алғыс хатпен марапатталды.