Алтай Көлгінов жауын суына арналған кәріздер салу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астанада жауын суына арналған кәріздер салу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Әкім өз сөзінде елордада жауыннан су жиналып қалатын 37 орын барын жеткізді. «Қолайсыздық тудыратын осындай жерлердің бірі – Бауыржан Момышұлы көшесі бойында. Сонымен қатар проблемалы аумақтар Бараев, Иманов көшелері мен Республика даңғылында, Тұран көшесінде де бар. Былтыр біз осындай екі көшенің проблемасын шешкенбіз. Нөсер кәрізі – бүкіл қалалардың проблемасы. Әрине бәрі жер бедеріне байланысты. Біз жазықта орналасқандықтан су бір орында жиналып қалады. Нөсер кәрізімен айналысатын жеке кәсіпорын құрдық. Сонымен қатар, суды сорып алып кететін қосымша вакуумдық машиналар сатып алдық. Нөсер кәрізін салып бітпейінше осылай жұмыс істейтін боламыз», - деді әкім. Әкімнің дерегінше келесі жылы Бауыржан Момышұлы, Иманов, Тәшенов көшелері мен Тұран даңғылында жүргізіліп жатқан жұмыстар аяқталады. «Былтыр біз жобалау жүргіздік, қаржы бөлінді, конкурс өткіздік, жұмысын жүргізетін мердігерлерді анықтадық. Бұл екі жылға арналған жоба», - деп түсіндірді Алтай Көлгінов.