Елімізде 1 025 ҰОС ардагері бар – вице-министр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Кеңес Одағы құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар жайлы мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 1 025 ардагері және 123 мыңнан астам ҰОС мүгедектері мен Жеңіске үлес қосқан басқа да азаматтар бар. Соғыс уақытында Кеңес әскеріне Қазақстан атынан 1 млн 200 мыңнан астам азамат шақырылды. 20-дан астам атқыштар дивизиясы және басқа да әскери құрылымдар жасақталды», - дейді вице-министр. Ол сөзін жалғай отырып, Ұлы Отан соғысынан кейін еңбегі еленген қазақстандықтарға тоқталып өтті. «Әскери еңбегі үшін мыңдаған қазақстандық орден және медальдармен марапатталды. 500-ге жуығы Кеңес Одағының батыры атанды, оның ішінде 4 қазақстандық бұл атақты екі мәрте иеленді. 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. Спикер сөз арасында өткен ғасырда әрбір екінші қазақстандық басын құрбандыққа тіккенін, 630 мыңнан астам адам ұрыста қаза болғанын тілге тиек етті.