Елордада жыл басынан бері халық өсімі 4 пайызға артты
Халықтың урбанизация деңгейі – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Еліміздегі демографиялық ахуалды мемлекет үнемі бақылауда ұстап, ерекше мән беріп отырады. Биік мақсат пен асқақ арманға қол созған сәулетті шаһар Астана үшін адам капиталы, демографияның көтерілуі өте маңызды. Elorda.info осы ретте жыл басынан бергі елордадағы халықтың өсіміне назар салған болатын.
Бүгінде Астанадағы халық саны 1 қарашадағы жағдай бойынша 1 345 328 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жыл басында 1 295 711 болған еді. 11 айда елордада халық өсімі 49 617 адамды, яғни 3,83 пайызды құраған. Оның 20 602-сі – табиғи өсім болса, 29 015-і – көші-қон есебінен болған халық өсімі.
Аудандар арасындағы көрсеткішке келер болсақ, Алматы ауданында жыл басында 352 750 халық болса, қараша айында олардың саны 365 274 адамды құрап отыр. 11 айда Алматы ауданындағы халық өсімі – 3,55%. Айтарлықтай өсім Есіл ауданында байқалады деуге болады. Бұл ауданда 2022 жылдың қаңтарында 363 766 адам болса, қараша айындағы көрсеткіш бойынша мұнда 401 010 адам тұрады екен. Есіл ауданында 11 айдағы халық өсімі 10,24 %-ды құрап отыр. Сарыарқа ауданы бойынша жыл басынан бергі халық өсімі – 0,52%. Мұнда 2022 жылдың қаңтарында 343 165 адам болса, қараша айында 344 943 адам тіркелген. Ал Байқоңыр ауданында керісінше, өсім қарқыны (-082%) төмендеген. Жыл басында аталған ауданда 236 030 адам тіркелсе, қараша айында олардың саны 234 101 адамға дейін азайған.
2030 жылы Астанада 2 миллионнан астам адам тұратын болады
Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімі Алтай Көлгіновтің елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде айтылғандай, 2030 жылы Астанада 2 миллионнан астам адам тұратын болады.
Қала әкімінің айтуынша, 2001 жылы Астананың бас жоспары қабылданғанда, 2030 жылы Астанада 850 мың адам тұрады деп болжанған еді. Сөйтіп 2010 жылы қаланың бас құжатына өзгерістер енгізілген. Ондағы өзгерістер бойынша 2030 жылы бас қалада 1 млн 200 мың адам тұрады деген болжам жасалған.
Бұл көрсеткішке екі жыл бұрын жеттік. Қазір халықтың саны жылдан-жылға өсуде. Биыл Бас жоспарға қайтадан өзгеріс енгізіп жатырмыз. Осы күзде мәслихат пен қоғамдық кеңестің, қоғамның талқысына шығарамыз. Қазіргі болжам бойынша 2030 жылы елордада 2 миллионнан астам адам тұратын болады. Бас жоспарға енгізілген өзгерістер ең бастысы халыққа ыңғайлы болуы керек. Сондықтан қаланың әр жаңа ауданында әлеуметтік нысандар – мектеп, балабақша, емхана, қоғамдық кеңістіктер, жолдар, инженерлік инфрақұрылым болғаны шарт, – деген еді қала әкімі.
Биыл елордада 250 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды
Елорда бүгінде урбанизация саласында озық шешімдер қабылдауда. Халық санының өсуін ескере отырып, қоғамдық және аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аймақтардағы өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаның мақсаты айқын. Бұл жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Қазіргі таңда елордада осы жоба аясында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Астана тұрғындары мен қонақтарының қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында күнделікті демалуына да көп көңіл бөлінген.
Биыл қаланың барлық аудандарында, оның ішінде тұрғын алаптарда 250 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды. Қала тұрғындарының қатысуымен қоғамдық талқылаулар өткізілді.
Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысы аумағында тарихи алаңның құрылысы аяқталды. Бұл аумақта 3 субұрқақ кешені пайда болды: жиынтық-аркалы туннельдік субұрқақ; тұман субұрқақ; бүріккіш әсері бар субұрқақ. Амфитеатрды салу және көгалдандыру жұмыстары аяқталды, жасыл желектер отырғызылды.
Қала тұрғындарының сұранысы бойынша және «Сарыарқа» аудандық әкімдігінің қолдауымен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша бірқатар жоба іске асырылды. Көктал-2 тұрғын алабындағы «Қорғалжын» гүлзары Тарбағатай – Наурыз – Құсмұрын көшелерінің аумағында, №1 емхананың алдындағы гүлзар және Айдарлы көшесі 4 мекенжайындағы гүлзар абаттандырылды.
Бараев көшесіндегі (Уәлиханов көшесінен Әскери-патриоттық мұражайға дейін) жаяу жүргіншілер кеңістігін абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болды, онда әткеншектер, көлеңкелі аспалар, демалу орындары, ойын алаңдары бар. Аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін Бараев көшесі жаяу жүргіншілер үшін қаланың ең ыңғайсыз көшелерінің бірі болып еді. Ал бүгінде ол қаланың көрікті жеріне айналды.
Астанада биыл қараусыз қалған учаскелер мен бос жерлер саны айтарлықтай азайды
№ 4 мектеп аумағында және Ақбұлақ жағалауында Амман көшесінен Беласар көпіріне дейін жаңа спорттық, рекреациялық аймақтың құрылысы аяқталды.
Сондай-ақ «Достық» саябағында, Қордай мен Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы гүлзарда бірқатар жұмыс жүргізілді. Жаңа төсеніштер төселді, аспалы шамдар, әткеншектер орнатылды, спорт аймақтары мен ойын алаңы жабдықталды. Сондай-ақ, ойын алаңы пайда болған Интернациональный тұрғын үй алабындағы гүлзар құрылысы аяқталды.
Есіл өзені мен Нәжімеденов көшесі жағынан Бейбітшілік және келісім сарайы арасындағы Президенттік саябақта амфитеатр ашылды. Амфитеатр іс-шаралар, концерттер, қойылымдар, шығармашылық көріністер өткізуге арналған, сондай-ақ, қала тұрғындарының демалу орнына айналды. Жанында экологиялық таза материалдардан жасалған балалар ойын алаңы бар.
«Встреча» сауда үйінің алдында көше базарының орнына жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Коммерциялық павильондар орнату арқылы сауда мәселелерін шешу бойынша жұмыс жүргізілді. Тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін гүлзардың қоршаулары мен қабырғалары жөнделді. Сондай-ақ асфальт жабыны ауыстырылды, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар кеңейтілді. Балалар ойын алаңы пайда болды, көлеңкелі аспалар, гүлзарлар орнатылды. Осы аумаққа 200-ден астам ағаш отырғызылды. Абаттандыру жұмыстары барысында халықтың аз қозғалатын топтарына ыңғайлы болу үшін тротуар плиткаларын бір деңгейге келтіру жұмыстары жүргізілді.
Осылайша биыл қараусыз қалған учаскелер мен бос жерлер саны айтарлықтай азайды. Көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға, халыққа жайлы жағдай жасауға көп көңіл бөлінді.
Қоғамдық кеңістіктер балалар, жастар және аға буын өкілдері үшін тартымды орынға айналады, енді олар осы орындарда бос уақытын өткізіп, демала алады.