Елордада соңғы 10 айда 305 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды
Астанадағы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында 1 желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай баспасөз жиыны өтті. Орталық басшысы БАҚ өкілдеріне елордадағы ахуал туралы айтып берді, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
1986 жылдан бері әлем бойынша 1 желтоқсан ЖИТС-ке қарсы күрес күні болып аталып өтіп келеді. Осыған орай елордада 21 қарашадан бастап осы уақытқа дейін «Теңдік уақыты!» тақырыбы аясында онкүндік өтті. Әлем деңгейінде аталып өтетін науқанды қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мен аталмыш орталық мамандары бірлесіп ұйымдастырды. Олар адамдар көп жиналатын орындарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, базар мен теміржол вокзалдарында АИТВ-ға жедел тестілеу өткізу акциясын өткізді. Одан бөлек, жастарға арналған форум, пікірталас пен дөңгелек үстел жиындары болды. Науқан барысында АИТВ-ға жедел тест тапсырушылар саны артты. Нәтижесінде барлығы 420 адамнан ауыз қуысы сұйықтығы мен саусақтан қан алу арқылы тест жүргізілді.
Оқи отырыңыз: Елордада АИТВ инфекциясын алдын алу бойынша 420 адам жедел тестілеуден өтті
Астанада соңғы 5 жылда ЖИТС салдарынан болатын өлім-жітім 2 есеге қысқарды
Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Сәбит Абдраимов өз баяндамасында осы вирус жұқтыру бойынша 1847 адам есепте тұрғанын мәлімдеді.
Елордада соңғы 10 айда 305 науқас АИТВ-инфекциясын жұқтырды. Ал 1847 адам есепте тұр. Бұл ауру түрі анықталған жағдайда қорықпау қажет. Өйткені алдын ала ауру анықталса оны емдеу де жеңіл болады. Осы ауру түрін қазір бұрынғыдай «жаман» ауру деп айта алмаймыз. Керісінше оны созылмалы ауру түріне жатқызамыз. Егер науқас дәрігердің айтқандарын бұлжытпай орындап, дәрісін уақытылы ішсе ол өзінің биологиялық өмір сүру уақыты жеткенше өмір сүреді. Ауру жұқтырған адам тек күтінбеген жағдайда ғана қайтыс болады,-деді орталық басшысы.
Айта кетейік, АИТВ - адамның иммун тапшылығы вирусының, яғни адамның иммунды жүйесін зақымдайтын вирустың қысқартылған атауы. Адамның иммундық жүйесін зақымдай отырып, басқа инфекциялық аурулардың дамуына ықпал етеді. Өйткені адамның иммундық жүйесі әлсіз болғандықтан, ауру туғызатын микроорганизмдермен күресуге қабілеті төмендейді.