00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

ЕҰУ-де жастарға электронды темекінің зияны, есірткінің зардабы түсіндірілді

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
ЕҰУ-де жастарға электронды темекінің зияны, есірткінің зардабы түсіндірілді
ашық дереккөз

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен іс-шарада жастарға психобелсенді заттар мен электронды темекінің зияны, есірткінің зардабы түсіндірілді, деп хабарлады Elorda.info.

Жастар саясаты басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Cалауатты қалып­тастыру орталығы ұйымдастырған акцияға жастар көптеп қатысты.

Акция аясында №3 қалалық емхананың уролог, психолог, гинеколог дәрігерлері студент жастарға ақыл-кеңес берсе, СПИД орталығының мамандары ВИЧ-тест алды. Сондай-ақ түрлі тақырыпта видеоролик көрсетіп, викториналық сұрақтар қо­йып, жастарға саламатты өмір салтының маңызын түсіндірді.

Жастар саясаты басқармасының мектеп және студент жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бағдат Атымтай «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Астана қалалық Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильинов синтетикалық заттарды сату, жарнамалау және тәркілеу фактісін ашуға бағытталған шаралар туралы айтты.

Қазіргі қоғамның басты мәселесі – интернетке тәуелділік. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында смартфон мен компьютерге тәуелділік көбейіп келеді. Тәуелділіктің бұл түрінен жастарды айықтыру – ұзақ процесті алатын психологиялық жұмыс. Бұл тақырыпта «Restart» республикалық жобасының үйлестірушісі Диар Ыдырыс-Белбайлы сөз етті. СПИД орталығының маманы Ажар Тұрымова ғасыр індетіне баланған СПИД-ті жұқтырып, өмірі үзіліп жатқандар туралы айтып, одан сақтану жолдары туралы баяндады.

Нашақорлықтың алдын алу мәселесін ашық талқылап, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау – негізгі міндетіміз. Өз саласының кәсіби мамандарын шақырып, жастарға психобелсенді заттар мен электронды темекінің және есірткінің адам өміріне залал-зардабын түсіндірдік, – деді Салауатты қалыптастыру орталығының директоры Қанат Қамзин.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ