Қазақстан экономикасы пандемия кезінде қаншалықты шығынға батты – маман жауабы
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қазақстан экономикасы пандемия кезінде қаншалықты шығынға батты – маман жауабы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172120682232542346.webp)
Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы Сапарбай Жобаев пандемия кезіндегі Қазақстанның экономикалық жағдайын жан-жақты қозғап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Дәрігерлердің кеңестерін тыңдап отырып, бір түсінгенім, коронавирус індетінің жетіп тоқтайтын тұсы бар. Егер жұрт бір тәртіпке үйреніп, айтылған шектеулерді қолданса, яғни үлкен кісілер сыртқа көп шықпай, санитарлық талаптар қатаң сақталса инфекцияның таралуы бәсеңдейді. Елімізге карантин енгізілгелі бері біз осы тәртіпке үйрендік. Қазір бізді жұртшылық көп жиналатын тұстарға шақырса, үреймен қарап, кісі көп шоғырланған орындардан алшақ болуға тырысамыз. Дүкенге жастарды жіберіп, үлкен кісілер үйден шықпауға дағдыланды. Міне мұның бәрі коронавирустың бізде өзге елдермен салыстырғанда белең алмауына әкеп отыр», - дейді экономист. Сөз арасында ол ел экономикасының зардап шеккен тұстарына тоқталып өтті. «Коронавирус кезінде экономиканың, әсіресе қызмет көрсететін мейрамхана, туризм, транспорт бағыты көп зардап шегіп отыр. Ал ауыл шаруашылығы, энергетика салалары ондай зардап шеккен жоқ. Олар тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал азық-түлік дүкендерінің жұмысы қайта көбейді. Жұрт үйінде отырған соң азық-түлік өнімдерін көбірек тұтынатын болды. Бизнестің зардап шеккен осындай бағыттарының өз-өзіне келуі бірден бола қоймайды. Бұл шамамен екі-үш ай уақытқа созылуы мүмкін. Мемлекет басшысының кәсіпорындарды кезең кезеңімен жұмысына кірісу туралы шешімін дұрыс деп есептеймін», - деді Сапарбай Жобаев. Экономист сөзін жалғай отырып, коронавирус кезіндегі Қазақстанның кірісі мен шығыны жайлы түсіндіріп өтті. «Сәуір айының басында мемлекет бюджетті қайта қарап шықты. 2020 жылғы жоспарымыз жалпы ішкі өнімі 4,5 пайызға өсуі керек болатын. Бірақ мына індет басталғаннан кейін сәуір айында мұнайдың бағасы құлдырап, бұл өз кезегінде біздегі валюталық түсімдерді екі есеге төмендетіп жіберді. Жалпы ішкі өнімнің өсуі емес құлдырауы -1,8 пайызға түседі деген болжам айтылды. Бірақ бұл жерде бір қызығы, халықаралық валюта қоры, Азия Даму банкі мынадай болжам айтты. Қазақстанның экономикасына түсіп жатқан 6 трлн теңгенің 1 трлны-ы жәрдем болса, 5 трлн-ы экономикаға көпшілігі қарыз ретінде үлкен кәсіпорындарға, банктерге, ауыл шаруашылығына жәрдем беріліп жатыр. Осы жәрдемді біздің экономикамыздың 1 пайызға өсуін қамтамасыз етуі мүмкін деген болжам айтып жатыр», - дейді экономист маман. Сөз арасында бұл өсімнің екі түрлі себебі барын айрықша атап өтті. «Біріншісі, Ұлттық қордан 6 трлн-дық үлкен қаржы бөлініп, жұмыс орындары көбірек ашылады. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарының өзіне 277 мың орын ашылайын деп отыр. Бұл қазір басталып кетті. Мәселен, Мақтааралға біраз қаржы бөлініп, үйлердің құрылысына қаншама адам тартылады, сол сияқты әлеуметтік нысандарды салу басталады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болады. Осылайша жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылы шамамен 58-60 трлн болса, биыл көп болса 2 пайыз жоғалтып, 55-60 трлнды құрауы мүмкін. Міне осындай болжам бар», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты. Ол екінші себебін қозғай отырып, Қазақстан әлемнің өзге елдерімен салыстырғанда айтарлықтай шығынға батпағанын жеткізді. «Италия, Грекия, Португалия, Испания секілді әлемнің жетекші елдерінің экономикасын мамандар 10 пайызға, тіпті 15 пайызға дейін құлдырауы мүмкін деген болжам жасап отыр. Себебі, оларда туризм, мейманхана, транспорт салаларының экономикадағы үлесі өте үлкен. Ал қазіргі пандемия жағдайында оның бәрі тоқтап қалды. Ал бізде туризмнің үлесі өте аз. Меніңше 1 пайызға да жетпейтін шығар. Карантин тоқтағаннан кейін ол 1 пайыз өз қалпына қиналмай келеді. Бізде ішкі туризмді дамыту үшін түрлі шаралар қолданылып жатыр», - деп Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты түсіндіріп өтті.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)