Алтай Көлгінов спорт және демалыс орталықтарының құрылысы жайында айтты
Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Елордада балалар мен қала тұрғындарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатырмыз. Мысалы Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестициялар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құрылысы жүріп жатыр. Спорт орталығының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға және т.б. арналған залдар болады, – деді қала әкімі.
Аталмыш көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы - 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Сонымен қоса, қалада жеке инвестициялар есебінен үстел теннисі орталығын («Алау» мұз сарайының жанында) ашылады.
Сонымен қатар қаланы аралау барысында жаңа Оқушылар сарайының (Есіл ауданы, Тұран даңғылы) құрылысымен таныстым. Оқушылар сарайының құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, сол сияқты гимнастика, спорттық-бал билері залдарын, шахмат, робототехника және IT-бағдарламалау кабинеттерін және т.б. ашу жоспарланып отыр. Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда Оқушылар сарайына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарлап отырмыз.
Қалада бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. «Жастар» сарайында, «Толқын» СК және т.б. жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады. Тағы екі елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Қала тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізе алуы үшін спорт және демалыс орталықтарының желісін ары қарай да кеңейтетін боламыз. Спорт орталықтары бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.