Мемлекет басшысы: Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мемлекет басшысы: Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне қатысты Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесінде еліміз індеттің шарықтау шегінен өтпегенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Коронавирус бүкіл әлемді жайлап келеді. Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар», - деді Президент. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп екенін мәлім етті. «Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Олай етпесек, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз», - дейді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы жұқпалы індеттің қауіптілігіне баса назар аударып өтті. «Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет», - деді Қазақстан Президенті.