00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада Сапар Байжановтың шығармашылығына арналған монографияның тұсауы кесілді

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Сапар Байжановтың шығармашылығына арналған монографияның тұсауы кесілді
ашық дереккөз

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде филология ғылымдарының кандидаты Ғалия Ақсейіттің «Сапар Байжановтың публицистикасы» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Кітап тұсаукесерінде қаламгердің жары Күләш Бейсенбиева, жазушының көзін көрген, қызметтес болған әріптестері – Сайраш Әбішқызы, Сауытбек Абдрахманов, Айгүл Кемелбаева, «Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, бір топ ұстаз мен студенттер қатысты.

Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, дара жол салған Сапар Байжановтың шығармашылығына арналған кітап жас журналистерге қызмет ететін болады. Сапар ағаның ғұмыры жүз жылға созылса, кітаптың ғұмыры жүздеген жылдар жасайды, – деп факультет деканы жиын шымылдығын ашып берді.

Жиын барысында Сапар Байжановтың жары Күләш Бейсенбиева көсемсөз шеберінің адамгершілік қасиеті мен рухани болмысын ерекше ілтипатпен әңгімеледі.

Шығыстың ұлы ойшылы Сағди айтпақшы, бұл дүниеде адамға берілетін ең үлкен марапат – мейірімділік, қайырымдылық, артынан өшпес із қалдыру. Бұл сөз Сапар үшін айтылғандай.

Бүгінде Сапардың үлкенді-кішілі 22 кітабы қалды. Оның жолын ары қарай жалғастыруды өз қолыма алдым, – деді К.Бейсенбиева.

Бұқара жазушының журналистикаға тың тыныс әкелгенін жарыса айтты. Солардың бірі – Мәжіліс депутаты, Сапар Байжановтың шәкірті Сауытбек Абдрахманов.

Журналистиканы өнер деңгейіне көтерген тұлғалардың бірі – Сапар Байжанов. «Социалистік Қазақстанда» он жылдай еңбек еткен Сапекеңнің айтқан өнегелері көп. Бірде маған көлемді мақала жазуға тапсырма берген еді. Ертесіне мен жазып бардым. Бірақ ол кісі мен саған ертеңге дейін бітір дедім бе деп сұрамасы бар ма. Сондағы айтқаны – жұмысты азапқа айналдырмау. Яғни, жұмысты жөнімен істеп, одан азап жасамау керек.  Бұл сөзі маған үлкен сабақ болды, – деп еске алды ол.

Ғалымның замандасы Сайраш Әбішқызы, жазушы Айгүл Кемелбаева Сапар Байжановтың қабырғалы қаламгер ғана емес, адамгершілігі мол қайраткерлігін, жастарға қамқорлығын сөз етті.

Бұдан соң салтанатты түрде кітаптың лентасы қиылып, іс-шараға қатысқан студенттер өнерлерін ортаға салды.

Индира БЕРЖАНОВА