Алтай Көлгінов бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады
Алтай Көлгінов елорданың дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар тұрғынға мемлекеттік наградалар табыстады. Бұл туралы қала әкімі өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Ең басты құндылық – адами капитал. Әр адам елінің, қаласының қалыптасуы мен даму жолында өлшеусіз үлес қосады. Республика күні қарсаңында тұрғындарымызға мемлекеттік наградалар табысталды: «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Ерең еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, ҚР Құрмет грамоталары.
«Құрмет» орденімен педагогтар, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері марапатталды. Олардың қатарында хирург-дәрігер В.Сон бар, ақхалатты маман бүгінге дейін жүздеген адамның өмірін аман алып қалған.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Астана-Энергия» машинисі Қ.Аупенов, «Астана-Теплотранзит» слесарі Б. Жұмаділов, автопарк жүргізушісі Қ.Құлтаев және т.б. марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «№5 гимназия» КММ мұғалімі Л. Ассалауова, конькимен жүгіру спортының аға жаттықтырушысы В. Костин, медицина қызметкерлері және т.б. марапатталды.
Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, сіздерді келе жатқан Республика күні мерекесімен құттықтаймын! Бірлік пен татулығымызды сақтай отырып, бұдан да үлкен биіктерге жете аламыз. Сіздерге зор денсаулық, бақыт және табыс тілеймін! – деп жазды Алтай Көлгінов.