Астанада Town Hall форматында пікірсайыс өтті
Елордадағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Жастардың мемлекет басқарудағы рөлі» тақырыбында пікірталас жиыны өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Town Hall форматында өткен жиынға аталмыш университеттің белсенді студенттері қатысты. «Белсенді азамат» қоғамдық қорының төрағасы Ғамал Түзелбаев жастарға азаматтық қоғам және ондағы жастардың үлесі туралы түсіндірді.
Біздің елімізге озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар өте қажет. Мемлекет басшысы әр жолдауында жастардың да ел дамуына үлес қосуы қажеттігін айтады. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын уақыты болады. Президент Қазақстанға да қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек екенін айтты. Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Мемлекеттік басқаруды реформалау туралы айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқаратыны, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатыны айтып келеді. Сондықтан да қазіргі жастар осы өзгерістерді түсініп, ел болашағы үшін еңбек етуі қажет, – деді Ғамал Түзелбаев.
Пікірсайыс жиынында студенттер спикер сұрақтарына жауап беріп, ел басқару туралы өз ойларын айтты.