Ол өзінің қарапайымдылығымен есте қалды – Қошқарбаев жайлы бір үзік сыр
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ол өзінің қарапайымдылығымен есте қалды – Қошқарбаев жайлы бір үзік сыр](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172120681345089384.webp)
Қазақстанның халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев 1945 жылдың сәуір айында Берлинге шабуыл жасау кезінде қызыләскерлік Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратына қызыл туды алғашқылардың бірі болып тікті. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңістің ең басты белгісі еді. Бір өкініштісі оның бұл ерлігі арада біраз жыл өткеннен кейін ғана мойындалды. «Қазақстанның Халық қаһарманы» атағы 2001 жылы берілген болса, 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында ескерткіш орнатылды. Халқымыздың даңқты батырының қарапайымдылығы жайлы оның қызы Әлия Қошқарбаева әңгімелеп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
Әлия Қошқарбаева К. Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. Ұстаздық қызметпен айналысқанына 20 жылдан астам уақыт болды. Әлия Рақымжанқызының бүгінде екі ұлы бар. Әкесінің ерлігі, балалық шағы жайлы Халық қаһарманының қызы сағынышпен еске алды.
[caption id="attachment_13253" align="alignnone" width="1036"] Фото: nv. kz[/caption]
– Әкем өте көңілді, мәдениетті, ақжарқын кісі болатын. Оның достары көп болатын. Бауыржан Момышұлынан бастап, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Асанәлі Әшімов, Ғабит Мүсірепов секілді ел алдында беделі зор, білімді кісілердің тізімін санап шығуға болады, – дейді ол.
Рақымжан Қошқарбаев «Алма-Ата» қонақүйінің директорлығы қызметін атқарған жылдары өзінің достарын жиі қарсы алатын.
«Ол жылдары «Алма-Ата» Алматы қаласының орталық ауданында орналасқан орталық қонақүй болатын. Елге белгілі көптеген танымал тұлғалар осында тоқтайтын. Бұл ең алдымен әкемнің біраз адаммен араласуына септігін тигізді. Екіншіден, үйіміз орналасқан Ленин-Калинин көшесінде бізге қонақ көп келетін. Анам дастарханын жайнатып қоятын. Ол кісі ауыл шаруашылығы институтында өсімдік шаруашылығы кафедрасының доценті болып жұмыс істеді, қазір бұл аграрлық академия. Үйімізден қонақ үзілмейтін», - дейді Әлия Рақымжанқызы.
Әлия Рақымжанқызы әкесін сағынышпен еске алып, балалық шағына тоқталып өтті.
«Балалық шағым керемет өтті. Балаларынан тек мен ғана қалдым. Ал соғыс жылдары және одан кейінгі уақытта туғандары шетінеп кетті. Әкем бұл туралы маған аса айтпайтын. Ол өзі әке-шешесінен ерте айырылып, жетім қалды. Балалық шағын балалар үйінде өткізді. Атамыз репрессияға ұшыраған, әжеміз оның 5 жасында қайтыс болып кеткен», - дейді батырдың қызы.
Рақымжан Қошқарбаев соғыс жайлы көп айтпайтын. Ол соғысқа қатысқан кісілер қанды қырғын жайлы көп айтқанды жөн көрмейтін дейтін. Даңқты батыр көбіне өмірінде кезіккен кісілер жайлы ғана еске алатын.
«Ол соғысқа ерте жастан қатысты. Жаяу әскер училищесін бітіріп, взвод басқарды. Қанды қырғынға 18-19 жасында аттанып кетті. Өзінен жасы үлкен кісілерді басқарды. Мектеп қабырғасынан соғысқа аттанған жастардың өмірлік тәжірибесі болмаған да еді. Өзі басқарғандардың ішінде қатардағы 57-58 жастағы кісілер де болатын. Польшаны азат ету кезінде ол кісі жауған оқтың астында денесімен жауып қалып: «Сен әлі жассың, мен көрерімді көргенмін. Саған өмір сүру керек», депті. Осылайша ол оның өмірін құтқарып қалған екен. Ол заманның адамдары осындай ерлікке баратын», - деп әңгімесін жалғады Әлия Қошқарбаева.
Қызының көз алдында әкесі өте қарапайымдылығымен есте қалған. Өзінің жеткен жетістіктерімен мақтанғанды ұнатпайтын. Ұлы Отан соғысы жылдары көрген қиындықтары жайлы бір де бір сөз айтпапты. Өзінің ерлігін ерлік деп санамайтын. Оның айтуынша, Рейхстагқа ту тігу тез және күтпеген жерден болыпты. Тек жылдам арада тапсырманы орындау керек болған екен. Бұл әрекетінің маңыздылығын кейін ғана сезініпті. «Менің жолым болды», деп әкем еске алатын.
[caption id="attachment_13257" align="alignnone" width="697"]
Фото: lada.kz[/caption]
Ол өте қатал болатын, бұған қоса өзгелержі жақсы көре білетін. Мұндай қасиет көпшілікте бола бермейтін», - дейді Қошқарбаевтың қызы.
Ең өкініштісі, көзі тірісінде Рақымжан Қошқарбаев өзінің ерлігі үшін ешбір атақпен марапатталмаған. Оған әкесінің репрессияға ұшырағаны себеп болған екен. «Оның халық дәрігерінің ұлы болғаны көпшілікке мәлім, сол себепті олар бұл туралы ешнәрсе айтпайтын»
Әлия Рақымжанқызы сөз соңында әкесімен бірге түскен жалғыз ғана естелік суреті бар екенін қозғап, оны мектепке барған күні ғана түскенін қозғап өтті.
«Оқушы күнімде мұның бәрі тарих беттерінде қандай күйде қалатыны жайлы ойламаған да едім. Біз тек қана қазіргі уақытпен өмір сүретінбіз. Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде фотоған түскен емеспіз. Балаларыммен де бірге түскен суретіміз жоқ. Әкем мені ылғи да олардың өз өмірі, менің өз өмірім бар деп үйрететін. «Тарих әрине менімен байланысты болады. Бірақ сен өз өміріңде өзіңді бейнелей білуің керек», - деп батырдың қызы сөзін аяқтады.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)