Мәскеуден Берлинге дейін: Сержант Жекебаевтың жалынды жолы
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Мәскеуден Берлинге дейін: Сержант Жекебаевтың жалынды жолы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172120684330636856.webp)
1941-1945 жылдардағы соғысқа басталғаннан соңына дейін қатысқандардың бірі – Рысбек Жекебаев. Елорда Инфо тілшісі Мәскеудің түбінен Берлиннің маңына дейін барып, жаумен шайқасқан майдангер туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынады. Рысбек Жекебаев 1914 жылы Семей өңірінің Жаңатоғам (қазіргі Екпін ауылдық округіне қарасты елдімекен) деген ауылында диханшылар отбасында дүниеге келген. 9 жасынан бастап қолына күрек алып, қара жұмысқа жегілген. 4 сыныптық бастауыш мектепте оқыған ол әрі қарай білім алуға мүмкіндігі болмаған. 1935 жылы Ақсуат ауданының Егінді бұлақ (қазіргі Қызылкесік ауылдық оқругіне қарасты елдімекен) колхозына бастық болып сайланған. Ал 1941 жылы Отан қорғауға аттанған. Мәскеуде 6 ай жоғарғы қолбасшының резервінде тұрған бесінші гвардиялық 6 зенит дивизиясының 516 полк училищесінде дайындықтан өткен. Ол жерден сержант Жекебаев бөлімше командирі әрі ДШК пулеметінің көздегіші деген мамандық алып шығады. Соғысты Мәскеу түбіндегі шайқастан бастаған ол Сталинград, Венгрия, Румыния, Курск, Белград майдандарына қатысқан. Курсктегі ұрыста жаудың 2 бірдей ұшағын жойып жіберіп, сол ерлігі үшін 1943 жылы «Отан соғысы» орденімен марапатталып, партия құрамына кандидаттық тәжірибесіз бірден қабылданған. Сол жылдың қараша айынан бастап Коммунистік партияның мүшелігіне өткен. Майдан даласында небір қанды шайқасты бастан өткерген кейіпкеріміз Берлинге 60 шақырым қашықтықта орналасқан Штейн деген қалаға дейін барған. Сол жерде жүргенінде жау әскері тізе бүгіп, жеңіс туы желбіреген. Соғыс аяқталып, 1945 жылдың күзінде елге оралғаннан кейін 15 күн өткен соң аудан басшылығы оны Қызылкесік ауылы кеңесінің төрағасы етіп тағайындаған. 1947 жылы Жаңа несіп колхозына бастық болып, 1949 жылы өз өтініші бойынша Калинин атындағы колхозға есепші қызметіне ауысады. Түрлі қызметте істеген Рысбек Жекебаев ұзақ жылдар бойы колхоздар мен совхоздардың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысып, халықтың тұрмысын, шаруашылығын қалпына келтіріп, одан әрі өркендету жолында белсенділік танытқан. 1963 жылдан бастап КАСС ХХІІ съезі атындағы совхозда ұзақ жылдар ферма меңгерушісі болып, 1974 жылы зейнеткерлікке шыққан. Бірнеше рет социалистік жарыс жеңімпазы атанып, түрлі мақтау қағаздарымен, дипломдармен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Батырлық, қайсарлық қасиетпен қатар ақындық өнер де бойынан табылған шоқтығы биік азамат 1998 жылдың 28 қарашасында 84 жасында қайтыс болды. Сыпайы, салмақты қалпымен көптің есінде қалған майдангер өмірінің соңында түбегейлі жазуға ден қойып, жазғандарын ұрпағына аманаттап кеткен. Балалары да аманатқа қиянат жасамай, кейіннен ақсақалдың өлеңдер жинағын кітап қылып жарыққа шығарды.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)