А.Көлгінов: Бірінші кезеңде арнайы жиынға 100 әскери міндетті азамат шақырылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
А.Көлгінов: Бірінші кезеңде арнайы жиынға 100 әскери міндетті азамат шақырылды
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери міндетті азаматтар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Бүгін Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі арнайы әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілердің жұмысы туралы баяндадым. Бірінші кезеңде арнайы жиынға 100 әскери міндетті азамат шақырылды. Олардың барлығы – әскери міндетті еріктілер. Бұл еріктілердің негізгі міндеті – коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб жұмысына қатысу, өткізу-бақылау бекеттерінде қызмет атқару, қала аумағына дезинфекция жүргізу, инфекция ошақтары анықталған нысандарды күзету және т.б.», - деп жазады қала әкімі Facebook парақшасында. Айтуынша Президентке елорданы азық-түлікпен, медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, қалада дезинфекция жұмыстарын жүргізу туралы есеп берді. «Мемлекет басшысы кең көлемді дезинфекциялау жұмыстарына ерекше мән беруді тапсырды. Қалада күн сайын дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік нысандарға, базарларға, сауда ойын-сауық орталықтарына, үй іші аумақтарына, кіреберістерге және басқа да адам көп жиналатын жерлерге ерекше көңіл бөлінеді», - дейді Алтай Көлгінов. Президент Төтенше жағдай режимінің барлық талаптарын бұлжытпай орындау қажет екенін айтып, әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың және медицина қызметкерлеріне сыйақы төлеудің маңызды екенін атап өтті. «Барлық тапсырма тиісті деңгейде орындалады», - деп сөзін аяқтады.