Бас мүфти қазақстандықтарға ауызашар берудің жаңаша үлгісін ұсынды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бас мүфти қазақстандықтарға ауызашар берудің жаңаша үлгісін ұсынды
ашық дереккөз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы жұртшылықты ауызашарға көпшілікті жинамауға, есесіне оған жұмсалатын шығынды мұқтаж жандарға беруге шақырды, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Қырғызстан мен Өзбекстанның мұсылмандар діни басқармаларымен кеңесе отырып, биылғы ораза айының кестесі бекітілді. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеулер қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін қасиетті Рамазан айы биыл 24 сәуір күні басталатын болды. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төтенше жағдайға байланысты індеттің алдын алу мақсатында биыл қасиетті Рамазан айындағы тарауық намазының мешітте жамағатпен бірге оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен бірге оқуға кеңес береміз. Біз осылайша оқшаулану арқылы осы індетті жеңеміз. Сондай-ақ індеттің алдын алу мақсатында жұртшылықты мешіттердің қатымханаларында, дәмханаларда, әртүрлі көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда, өз шаңырақтарында жамағатқа ауызашар бермеуге, бұл үрдісті уақытша тоқтатуға шақырамыз. Есесіне ауыз бекіткен адамдарға дәмханаларға тапсырыс беріп, үйіне тамақ жеткізіп беруге, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп беру арқылы ауыз аштыруға немесе ауызашарға кететін шығын мөлшеріндегі қаржыны мұқтаж жандарға ақшалай аударуға болады. Отандастарымызды осы сияқты басқа да шаралар жасау арқылы мүмкіндігінше сауапты іс жасауға үндейміз», – деді Бас мүфти. Сонымен қатар ол оразаны кімдерге ұстау парыз екені туралы да түсіндіріп өтіп, ауыз бекіту тек денсаулығы нашар адамдарға және балиғат жасына толмаған балаларға және жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналарға тыйым салынатынын жеткізді.