Астанада азаматтық қоғамның рөлі талқыланды
Елді саяси жаңғыртудағы азаматтық қоғамның рөлі қандай? Астана қаласы әкімдігі жанындағы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Консультативтік кеңестің отырысы осы тақырыпқа арналды, деп хабарлады Elorda.info.
Жиынға үкіметтік емес ұйымдар мен елорданың азаматтық секторының, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары, консультативтік кеңес мүшелері, астананың белсенді жастар ұйымдары өкілдері қатысты.
Іс-шараны қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамалар орталығы» қызметінің аясында «Камеда» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Отырысқа төрағалық еткен Астана қалалық Ішкі саясат басқармасының бастығы Дәурен Бабамұратов аталған кеңестегі ҮЕҰ-дардың әлеуетін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сонымен қатар еліміз бойынша ең мықты волонтерлік құрам астанада екенін атап өткен ол алдағы уақытта кеңес құрамында жастардың, соның ішінде волонтерлік ұйымдардың да көбеюіне қолдау білдірілетінін айтты.
Астана қалалық Азаматтық бастамалар орталығының басшысы, «Камеда» қоғамдық қорының, «Альянс ҮЕҰ» ЗТБ директоры Махаббат Еспенова «Елді саяси тұрғыда тиімді жаңғырту үшін азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылындағы жаңа тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады.
Елордада мемлекеттік құрылымдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өзара іс-қимылы үш вектор бойынша дамыған. Соның бірі – мемлекеттік саясат құру. Мәслихатта қазіргі таңда ҮЕҰ-нан тек 3 өкіліміз бар. Бұл тым аз. Елордада консультативтік кеңес органдарының саны – 21. Сонымен қатар ведомствоаралық жұмыс топтары бойынша 11 ҮЕҰ жұмыс істейді, – деген ол елордада қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша барлық салалар қамтылмай отырғанын мәлімдеді. Осы бағытта белсенді жұмыс істемейтін басқармалар мен департаменттерді сынға алды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың 40 пайыздан астамы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысты құқықтық-нормативтік актілерді білмейді немесе олардың орындалуын сақтамайды. Қалада синтетикалық есірткімен күрес, қала тұрғындарының мәдени кодын қалыптастыру мәселелері де М.Еспенованың баяндамасында көтеріліп, Д.Бабамұратов осыған орай жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Астана қалалық жастар саясаты жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Аян Ерментаевтың айтуынша, қалада қазіргі таңда 50-ге жуық жастар ұйымдары басқармамен бірге жұмыс істейді.
Басқарма 12 мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда қала әкімдігінің қолдауымен «Жасыл ел» жобасы арқылы биыл 4200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Соның ішінде 1639 бала жұмысқа тұрғызылды. Негізгі басымдық әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 14-29 жас аралығындағы жастарға беріледі. Одан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 500 жетім балаға арналған алты айлық бағдарламалар да жүргізіліп жатыр. Волонтерлік бағыттарға келсек, бірнеше салада жұмыс жүргізіледі, ең кіші волонтеріміз 6 жаста болса, ең үлкені – 82 жастағы әжеміз. Ол әже былтыр карантин кезінде бізге маска тігіп берген, – деп А.Ерментаев қаладағы жастар саясаты бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Райхан Рахметова