Қаһарман қолбасшы
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қаһарман қолбасшы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172120682329290314.webp)
Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова секілді ата-апаларымыздың есімін бала күнімнен жаттап өстім. Олар жайында жазылған кітаптарды қызығып оқып, осы тұлғалар секілді батыр болсам деп армандадым. Тарихи деректерде Отан соғысындағы ерлігі үшін 499 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанса, соның 99-ы қазақтар болған. Осы батырлардың есімдерін көбіміз біле бермейміз.
Өзім 21 жасында Кеңес Одағының батыры атанған Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі мен өмір жолын жетінші сыныпта жүргенде «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаладан оқып білдім. Содан бері Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, тұңғыш «Халық қаһарманы» Сағадат ата туралы жазылған дүниені қалдырмай қарап жүремін.Қазақтың қаһарман перзенті туралы бүгінге дейін көптеген тағылымды дүниелер жазылды, естелік кітаптар жарық көрді, деректі фильмдер түсірілді. Соның бәрі батыр бейнесін жан-жақты толықтыра түсті. Сондықтан даңқты ер туралы тың ой, соны сөз айту да мүмкін емес. Біз Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында атамыздың рухына бас иіп, ерлік жолын тағы бір жаңғыртуды жөн санадық.
Тұғырлы тұлға елордадан онша алыс емес қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Қосым деген ауылда дүниеге келген. Ағасы Сағит екеуі әке-шешесінен ерте айырылып, жетімдіктің біраз тауқыметін тартады. Бірақ туған бауыры інісіне үнемі қорған болып, қамқорлық көрсетеді. Кішкентай күнінен қиындыққа төзіп, Арқаның суығына шынығып өскен өрен өжет болып өседі. Бұған Әлжан деген жақын атасының да ықпалы болады. Көнекөз қарт жас балаға Қобыланды, Алпамыс батырлар жырын оқытып, батырлыққа баулиды. Мектепті де жақсы оқып, қатарының алды болды. Өскенде география немесе тарих пәнінің мұғалімі болуды армандайды. Бірақ тұтқиылдан басталған соғыс бозболаның арманын басқа арнаға бұрды.
Алдымен ағасы Сағит алғашқылардың бірі болып, майданға аттанды. Бірақ тағдырдың жазмышы ма, ол Новгород түбіндегі ұрыста ерлікпен қаза табады. Бұл қаралы хабар оған оңай тимейді. Асқар тауы бір күнде құлағандай күйді бастан кешеді. Соғыс басталғанда туған ауылында есепші, клуб меңгерушісі болып істеп жүрген ол 1942 жылы он сегізге толғанда әскерге алынып, алдымен Түркіменстанда пулеметшілер дайындайтын училищеге жібереді. Осы оқуды үздік тәмамдап, взвод командирі дәрежесімен майданға аттанды. Кубань, Дон, Молдавия жерлерінде, Одер, Шпрее өзендерінің бойындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Әсіресе, соғыстың соңғы жылдары оңай болмайды. Кері қашан жау өз бекіністерін мықтап, кеңес жауынгерлеріне едәуір қарсылық көрсетеді. Ерен ердің 1945 жылы 17 қаңтарда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі ержүрек ерлігі ерекше көзге түседі. Жауынгерлік тапсырманы мүлтүксіз орындаған ол Магнушев плацдармында болған шайқаста өзі жетекшілік еткен пулемет ротасы екі күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан нысанның көзін жояды. Сондай-ақ Варшавадан 60 шақырым жердегі Магнушев қаласын фашистерден тазарту кезінде ол әскерді сауатты басқара білді. Осындай жан алып, жан беріскен ұрыстардың бірінде станокты пулемет дәлдеуіші істен шығады. Соған қарамастан пулеметті қолына, жауға оқты қарша боратады. Осы шайқаста ол фашистердің екі жойқын шабуылына тойтарыс беріп, 65 фашисті жер жастандырады.
Соғыста көрсеткен көзсіз ерлігі үшін 1945 жылы 27 ақпанда 21 жасқа енді толған қазақ жауынгері – Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бұл мәртебелі атақты оған армия қолбасшысының өзі тапсырды. Сол сәттегі сезімін атамыз естелігінде: «Ол кеудемізге «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдызды» тақты. Бізді шынайы ниетімен құттықтады. Толқынысымды жасыра алмадым. Қазақтың жетім баласына мұндай зор құрмет көрсеткеніне сене алмадым. Әкем мен анам, Сағит ағам, отандастарым бұл жетістігімді көрсе екен деп ойладым» деп айтыпты.
Бірде даңқты ер басқарған батальон рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысады. Ол бұл кезде майор атағымен атқыштар дивизиясын басқарған еді. Соғыстың соңғы күндерінің біріндегі Берлинде ержүрек сарбаз жүзден аса жаудың көзін құртып, тоғыз фашист бекінісін жойып, 1560 жау әскерін тұтқынға алады. Осы ерен ерлігі үшін 1945 жылы 8 мамырда екінші мәрте Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылды. Өкінішке қарай, бұл атақ қазақтың қаһарман ұлына берілмейді.
Соғыстан кейінде асыл азамат әскери саладан алыстамады. Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркiстан әскери округiне полк басқаруға жiберiлдi. Кейін әртүрлi штабтық, командалық лауазымдарда, оның iшiнде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округi қолбасшысының орынбасары, Оңтүстiк топ әскерлерi қолбасшысының бiрiншi орынбасары қызметiн атқарды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздігін жариялады. Алдымызда енді үлкен жауапты міндеттер тұрды. Әсіресе, енді ғана шаңырақ көтерген жас мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайту керек болды. Міне, сол кезде, яғни 1991 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Соғыстың да, бейбіт өмірдің де қадірін білетін, әскери салада тәжірибесі мол маман бірден қызметке кіріседі. Әуелі жан-жақта жүрген білікті әскери қазақ азаматтарын жинап, осы жауапты іске жұмылдырады.
1992 жылы Сағадат Нұрмағамбетов еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрi болып тағайындалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл шешімді қабылдау оңайға соқпағанын айтады. «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовты таптым» деп сол кезді еске алыпты.
Жаңадан құрылған Қарулы күш құрылымына қажетті мамандарды қайтадан даярлау оңай болмайды. Бұл жайында ардақты азаматтың өзінің сөзін келтірсек: «Содан Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр» депті ол.
Міне, осындай қым-қуыт кезеңде еліміздің қорғаныс саласын аяғынан тұрғызып, үлкен әскери мектеп қалыптастырған тұлғаның еңбегі де ескерусіз қалмады. 1994 жылдың 23 мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етiлдi. 1995 жылы армия генералы атағымен отставкаға шығып, Қазақстан Президентiнiң кеңесшiсi болды. Халқымыздың болмысы бекзат, шынайы зиялысы бола білген азамат 2013 жылы қыркүйекте дүниеден озды.
Көзі тірісінде Үкімет қаулысымен бас қаладағы «Жас ұлан» мектебіне Кеңес Одағының батыры, армия генералының есімі берілді. Аталған мектеп ауласына батырдың бюсті орнатылды, Алматыдағы тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш тақта қойылды. Еліміздегі өзге өңірлерден де оның атына көше берілді.
Былтыр Халық қаһарманының туғанына тоқсан бес жыл толуына орай қалалық мәслихаттың шешімімен бас қаладағы Сарыкөл көшесі жобалық атауы № 28-3 көшесімен біріктіріліп, Сағадат Нұрмағамбетов көшесі аталды. Елордада Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев көшелерінің бойында даңқты ерлердің еңселі ескерткіші ерекше көз тартады. Дәл осындай ескерткіш Сағадат атамызға қойылса артық болмайды. Бұл туралы біздің газеттің тілшісі Аманғали Қалжанов былтыр жазған еді. Бірақ ешқандай қолдау болмады.
«Шынында, бас шаһарда Сағадат Нұрмағамбетов атында даңғыл, мектеп, әскери жоғары оқу орындары болса, оған қаланың көрікті жерінен ескерткіш орнатылса да артық болмайды. Бұл кісі соған лайықты адам. Сонымен қатар батыр туралы көркем фильм түсірілсе, еңбектері көп томдық жарық көрсе, кейінгі жастарға үлгі болар еді. Бұл – республикалық ардагерлер ұйымының мүшелерінің көкейінде жүрген мәселенің бірі. Біз осы ұсынысымызды әртүрлі деңгейде айтып жүрміз, әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Жастар өсіп келе жатыр. Осындай тағылымдық шараларға мән беретін күн туады деп есептеймін. Әрине, Ұлы Жеңістің 75 жылдығында атқарылғанда жақсы болатын еді. Бірақ оны соңғы күн деп санауға болмайды. Алда Жеңістің сексен жылдығы бар. Жалпы, бұл кісіге көрсетілетін құрметті ешқандай мерекеге қарамай жасаса да артық емес. Ол халыққа отансүйгіштік тәрбие беретін орын ретінде ашылса деймін» дейді Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы.
Кеңес Одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы Сағадат Нұрмағамбетовке «Сыпайы генерал» деп баға беріпті. Ардақты азаматтың өзі де батыр айтқандай, өмірде артық-ауыс жөнсіз сөйлемейтін, аса ұстамды, сабырлы кісі болыпты.
Азамат Есенжол
Астана ақшамы
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)