Елорданың шет аумағы қалай дамып жатыр
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында қаланың шет аймақтары қалай дамып жатқаны туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Қаламыздың әрбір төртінші тұрғыны елді мекендерде, яғни елорданың шет тұстарында тұрады. Абаттандырылған аудандар мен елді мекендер арасындағы теңсіздікті жою үшін жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
Түйткілді мәселелердің бірі – инженерлік желілер. Қаланың елді мекендерінде 50 км инженерлік желі салынды, оның ішінде 11 км – кәріз, 20,7 км – сумен жабдықтау желісі, ал 3 км-ден астамы – нөсер кәрізі. Биыл тағы 10 шақырым инженерлік желінің құрылысын аяқтаймыз.
Елді мекендерді жеке-жеке аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткіземіз. Өндіріс тұрғын алабының тұрғындарымен кездестім. Осыған дейін қала тұрғындары оқу орындарына байланысты, нақтырақ айтқанда №12 мектеп бойынша проблема қозғаған болатын. Бұл мектеп осыдан 60 жыл бұрын салынған, қазір апатты жағдайда, ал ішіндегі құрылымдары жарамсыз күйде тұр. Оның ғимаратын бұздық, қазір орнына жаңа, жайлы мектеп салу жұмысы басталды. Оны 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сол сияқты жеке инвестор есебінен балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Чехоев көшесіндегі (Өндіріс елді мекені) апатты үйлердің тұрғындарымен кездестім. Ондағы үйлердің бір бөлігін 2024 жылға арналған бұзу тізіміне енгіземіз. Бейнебақылау камераларын орнату, жол мәселесі, аула клубтары, абаттандыру секілді түрлі проблемалар қозғалды. Бұл мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды.
Елді мекендер жеке сектор болғандықтан 680 км газ тарату желісі салынды. Алматы және Сарыарқа аудандары газбен қамтамасыз етілген. Ал Байқоңыр және Есіл аудандарында жеткізуші газ құбырын (2023 жылы кварталішілік желілер) салу жұмысы жүріп жатыр.
Соңғы жылдары елді мекендердің өзінде 250 көше салынды және жөнделді. Биыл тағы 70 көшені асфальттаймыз, оның негізгі бөлігі аяқталды. Сол сияқты 300-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бірқатар оқу орны салынды.
Мемлекет басшысы қаланың шет аумақтарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің мақсатымыз – елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізіп, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындарын және т.б. салу, – деп жазды елорда әкімі.