«Astana English School»-да өткен алғашқы қоңырауға Есет Байкен қатысты
Елордадағы №81 «Astana English School» халықаралық мамандандырылған гимназиясында ұйымдастырылған алғашқы қоңырау мерекесіне қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Құрметті оқушылар, ұстаздар және ата-аналар. Баршаңызды бүгінгі қуанышты мереке білім күнімен құттықтаймын. Бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары үшін ерекше күн. Жаңа ұстазымен танысып, білім теңізіндегі кемесіне мінетін бүлдіршіндердің алдында жаңа белес тұр. Ол білім мен тәрбиені қатар алатын мектеп белесі, - деді Есет Байкен.
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, биыл елордада 8 000 оқушы мектепті тәмамдаса, 26 мың оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі соңғы 3 жылда 70 мың балаға қосымша 34 жаңа мектеп салды. Ол өз кезегінде үш ауысымды мектептерді 2 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын таба береді, - деді қала әкімінің орынбасары.
Салтанатты шара барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы №81 «Astana English School» халықаралық мамандандырылған гимназиясының директоры Гүлнар Садыкова мектеп оқушылары мен ұстаздарды және ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Мыңдаған оқушылар білім саласындағы ұстаздар, барша қызметкерлер үшін 1 қыркүйек жаңа бастамалардың, жаңа ізденістердің, жаңа идеялардың символы. Еңбектің ең үлкені – білім. Әлемдік өркениетке бет алған бүгінгі қазақ елінің болашағы білім мен тәрбие алауын жаққан мектеппен тікелей байланысты. Сондықтан оқушыларымыздың білім шаңырағындағы әр сағаты қызықты сабақтармен, таңғажайып жаңалықтармен ұштассы, - деді Г.Садықова.