Қазпошта төтенше жағдай кезінде қалай қызмет көрсетіп жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазпошта төтенше жағдай кезінде қалай қызмет көрсетіп жатыр
ашық дереккөз

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов төтенше жағдай кезіндегі пошта жұмысы жайлы баяндап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Сіздерге Қазақстанда төтенше жағдай мен карантин режимі басталғалы пошта және қаржылық қызметтерді ұсынуды тоқтатпағанымызды хабарлаймын. Әрине, төтенше жағдай пошта бөлімшелерінің жұмыс кестесіне өзгерістер енгізді. Қазір Нұр-Сұлтанда 34 бөлімшенің 10-ы, ал Алматыда 91 бөлімшенің 30-ы істеп тұр. Жұмыс уақыты да сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін қысқарды», - деді С.Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Қарағанды қаласында бөлімшелердің жұмыс уақыты сағат 16.00-ге дейін, қалған аймақтарда сағат 17.00-ге дейін қысқарды. Көптеген аймақта жергілікті биліктің сұрауымен бөлімшелер демалыс күндері де тұрғындарға қызмет көрсетті. Барлық бөлімшенің жұмыс кестесі Қазпошта сайтында жаңартылып тұрады. «Бөлімшелерде дымқыл тазалау және дезинфекциялау үнемі жүргізіледі. Қызметкерлерге маскалар мен санитарлық тазартқыштар беріледі. Қызмет ала алатын адамдар саны шектеулі. Біз клиенттерімізден аса қажеттіліксіз пошта бөлімшелеріне барудан бас тартуды, қашықтан қызмет көрсету арналарын қолдануды сұраймыз. Біздің сайт және мобильді қосымшамыз арқылы сәлемдемелерді үйге жеткізуге, курьерді шақырып, жөнелтімді алып кетуге тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, коммуналдық немесе басқа төлемдерді төлеуге, мемлекеттік органдармен хат алмасуға мүмкіндік бар», - деді Сәкен Сәрсенов. Оның айтуынша, елдегі жағдайға қарамастан барлық пошташылар мен курьерлер пошта, хаттар, газеттерді штаттық режимде жеткізіп жатыр.