Бүгін таңертең 42 500 теңге үшін 1 млн 284 мың өтініш келіп түсті – министр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бүгін таңертең 42 500 теңге үшін 1 млн 284 мың өтініш келіп түсті – министр
ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай режимі кезінде жұртшылыққа төленіп жатқан 42 500 теңге болатын әлеуметтік төлем жайлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «42 500 теңге төлемі – мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем. Ол – жұмыс істеп жүрген азаматтарға әртүрлі тіршілік жасап, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған төлем. Бұл көмектің бір түрі. Басқа кісілерге, мысалға зейнетақы, жәрдемақы уақытылы төленіп жатыр. Ай сайын 300 млрд теңгеге дейін төленуде. Ол индексті алады», - дейді министр. Ол сөз арасында ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек кісілер жасына, санатына қарамастан Президенттің тапсырмасы бойынша бюджеттің, «Біз біргеміз» қорының есебінен, сондай-ақ елдің патриот азаматтары тарапынан азық-түлік топтамалары және ақшалай көмек көрсетіліп жатқанын қозғап өтті. «Жұмыссыз қалған азаматтарға осы сақтандыру қорынан бөлек жұмысынан айырылған жағдайдағы төлем тағы да бар. Ал 42 500 теңгеге өтініш беру үшін екі портал жұмыс істеп тұр. Бүгін таңертең 1 млн 284 мың өтініш келіп түсті. ЭЦҚ қолдану қажеттілігі жоқ. Оны SMS-пен келген құпиясөз арқылы растауға болады. Ал enbek.kz порталы бойынша сұрақтар түскен. Ол жерге тек қана жұмыс берушілерге тіркеле алатыны, ал өзін өзі жұмыспен қамтығандар жоқ екен деген сұрақтар болған. Ол тәртіп енгізілді. Қазір жеке адамдар да портал арқылы өтініш бере алады», - дейді Біржан Нұрымбетов.