Коронавирустан көз жұмғандар қалай жерленеді
15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат
ашық дереккөз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қауіпті, жұқпалы індеттен көз жұмғандарды жерлеуге қатысты пәтуа жариялады, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесі өте қауіпті, жұқпалы (туляремия, эбола, коронавирус, оба, т.б.) аурулардан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жуындыруға және жерлеуге қатысты төмендегі шараларды жүзеге асыруды мақұлдайды:
МӘЙІТТІ ЖУЫНДЫРУ
Өте қауіпті жұқпалы дерттен қайтыс болған адамды жуындыру рәсімі арнайы мемлекеттік мекеменің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Мәйітханада (морг) жуындыру шарасы шариғат талабына қайшы келмесе, мәйітті қайта жуындыру шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел жуындыруы керек.
МӘЙІТТІ КЕБІНДЕУ
Шариғат бойынша мәйіт кебінделуі міндет. Ер кісі үш қабат матамен, ал әйел бес қабат матамен кебінделеді. Алайда жұқпалы дерттен қайтқан кісіні кебіндеу ісінде санитарлық қағидалар сақталуы тиіс. Егер мәйітханада кебінделген мәйіт шариғатқа сай болса, қайта кебіндеу шарт емес. Қайтыс болған ер кісіні ер кісі, әйелді әйел кебіндеуі қажет.
ЖАНАЗА НАМАЗЫН ОҚУ
Қауіпті індетке байланысты жарияланған төтенше жағдайда жаназа намазына марқұмның ең жақын туыстарының қатысуы жеткілікті. Сақтық шаралары үшін адам санын барынша азайту қажет. Қалалық жағдайда індеттің қоғамдық ортаға (мысалы, көпқабатты үй тұрғындарына, көршілеріне, т.б.) таралмауы үшін марқұмды мәйітханадан тікелей зират басына апарып, сол жерде жаназа намазын оқып, жерлеуге шариғатымызда рұқсат етілген. Жаназа рәсімдерін жергілікті имам атқарады. Намаз оқыған кезде санитарлық нормаға сай мәйіт имам мен жамағаттан қашық жерге қойылады.
МӘЙІТТІ ЖЕРЛЕУ
Мәйіт зиратқа арнайы көлікпен жеткізілуі тиіс. Мәйітті жерлеу рәсімінде биоқауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек. Сондай-ақ, мәйіт қайтыс болған мекенінде жерленуі тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық мекеменің рұқсатынсыз мәйітті үйіне немесе басқа мекен-жайға (өзге қалаға, туған жеріне) апармаған дұрыс. Мұндағы мақсат – жұқпалы індеттің өзге аймақтарға таралуының алдын алу.
ЕСКЕРТУ
Санитариялық-эпидемиологиялық мекеме тарапынан мәйітті шариғат жолымен жуындыруға, таяммум алдыруға және кебіндеуге рұқсат берілмесе, шариғаттың зәрулік үкімі негізге алынады. Мәйітханада оралған мата, арнайы үлдір (клёнка) немесе табыт ашылмастан, сол хәлінде жаназа намазы мәйіттен алыс тұрып оқылады.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «елімізде коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу механизмі дайын ба?» деген сұраққа «бізде алгортим әзірленген, ол бүкіл әлемде қабылданған нормалар мен стандарттарға сәйкес келеді» деп жауап берген болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін, 20:05
Қаржылық пирамиданың басшысы Астана әуежайынан Түркияға ұшайын деп тұрған жерінен ұсталды
Бүгін, 15:51
Астаналық зейнеткерлер оқушыларға тігіншіліктің қыр-сырын үйретті
Бүгін, 09:15
Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады
Бүгін, 09:05
Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты