00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада «Мерейлі отбасы-2022» байқауының жеңімпаздары анықталды

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Мерейлі отбасы-2022» байқауының жеңімпаздары анықталды
ашық дереккөз

Бұл байқауға өтінім беру маусым айының ортасынан бастап жүргізілді. Жылдан жылға оның қатысушыларының саны артып келеді. Мәселен, 2018 жылы байқау комиссиясының қарауына 51 елордалық отбасы өтінім берсе, биыл 151 отбасы қатысуға ниет білдірген.

Байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін арттыру, некенің маңыздылығын мойындау, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына енгізу.

Айта кету керек, байқау екі кезеңде өткізіледі: бірінші - аудандық (қалалық) кезең, екінші - облыстық (республикалық маңызы бар қала, астана) кезең. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты атағы қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында (қыркүйектің екінші жексенбісі) Қазақстанның барлық өңірлеріндегі үздік үлгілі отбасыларға беріледі.

Байқау Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Байқау жеңімпаздарын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова марапаттады.

«Жас отбасы» номинациясын шығармашылықпен айналысатын Әуезовтер отбасы, «Берекелі отбасы» номинациясын төрт бала тәрбиелеп отырған Серікбаевтар отбасы, «Салауатты отбасы» номинациясын спортшы балаларды өсіріп отырған Рузахуновтар отбасы, «Қайсар отбасы» номинациясын үздіксіз дамуды мақсат еткен Бұзауовтар отбасы, «Ұлағатты отбасы» номинациясын отасқандарына 15 жыл болған Жақыповтар отбасы, «Үлгілі отбасы» номинациясын Нұрғалиевтер отбасы, «Өнегелі отбасы» номинациясын Айтқожиндер отбасы, «Қайырымды отбасы» номинациясын Құсайыновтар отбасы, «Дарынды отбасы» номинациясын Ержұмановтар отбасы, «Шығармашыл отбасы» номинациясын Пташинскийлер отбасы жеңіп алды.

Комиссия шешімімен ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы Сағитовтар болды. Шаңырақ көтергендеріне 13 жыл болған Дулат пен Айнагүл алты бала тәрбиелеп отыр. Отағасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында және «Астаналық цирк» МКК диспетчері болып жұмыс істейді. Зайыбы Айнагүл Сағитова – «Mega Road» ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы. Қыздары республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болса,  үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық мансабын бастаған.

«Тұңғыш баламыз дүниеге келгенде үлкен сынақтан өттік. Береке-бірліктің арқасында оны жеңіп шықтық. Татулығы жарасқан отбасында қашан да береке болады. Соны есте ұстаған жөн. Бұл байқаудың берері мол. Отбасыны ынтамыққа бірлікке шақырады. Осындай байқаулар жиі болып тұрғаны дұрыс деп ойлаймыз. Жеңімпаз болып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Қала әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», - деп өзінің қуанышымен бөлісті Сағитовтар отбасы.

Екінші орынды шаңырақ көтергендеріне 22 жыл болған Олжабаевтар мен салауатты өмір салтын ұстанып, ұлттық дәстүрді құрметтейтін Әуеловтер отбасы өзара бөлісті. Олжабаев Талғат пен зайыбы Әсел екеуі де әлеуметтік қорғау саласында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. Олар бүгінде 7 бала тәрбиелеп отыр.  Ал отасқандарына 20 жыл болған  Әуеловтер отбасы 10 бала тәрбиелеп отыр.

«Мерейлі отбасы-2022» байқауының үшінші орнын адалдық пен мейірімділікті өмірлік ұстанымдарына айналдырған Айтқұловтар мен Жүнісбековтер отбасылары жеңіп алды. Отағасы Жаңабай Жүнісбеков мектепте мұғалім болып жұмыс істеген, қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Зайыбы Жамила – UMC корпоративтік қорының медбикесі. Отандасқандарына 30 жыл болған отбасы 6 баланы тәрбиелеп отыр. Ал шаңырақ көтергендеріне 21 жыл болған Айтқұловтар отбасы өнерге жақын. Отағасы Естай мен зайыбы Айнұр екеуі де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртісі, домбырашы, қобызшы.  Олардың балалары да Қазақ ұлттық өнер университетінің қылқобыз, жыршы-термеші  мамандықтары бойынша білім алуда.

«Бүгінгі байқауға қатысқан әр отбасы жеңімпаз атануға лайық жандар. Олардың барлығы – мерейлі, үлгілі отбасы. Өнегелі ұрпақ – елдің тұтқасы. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жыл сайын өтетін бұл байқау биыл сегізінші рет өткізіліп жатыр. «Мерейлі отбасы» байқауына елорданың 151 отбасысы қатысты. Бұл дегеніміз байқауға жыл өткен сайын қызығушылық танытып жатқандардың саны артып келе жатқанын білдіреді. Өйткені елордадағы отбасы институтын дамыту мәселесі өзекті. Сондай-ақ, қала әкімі Алтай Көлгіновтің атынан барлық жеңімпазды құттықтаймын!» - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

Есет Байкен қала әкімінің атынан қалалық байқауға қатысқаны үшін қатысушыларға алғыс білдірді. Комиссияның шешімі бойынша үздік отбасылар ақшалай сыйлықтармен және елорда әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын елорданың танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары құттықтады.

Айта кетейік, елордада отбасы институтына ерекше көңіл бөлінеді, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Аяулым Серік