Ерліктің дастаны
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ерліктің дастаны](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172122113329369732.webp)
Менің әкем - Мұсабеков Нүркен екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан, анам – Мұсабекова Күлзейнеп, тыл ардагері. Жеңіс күні қарсаңында ата-анамды еске алып отырмын. Олардың тағдыр тауқыметі мен өмір жолы туған-туыс пен үрін-бұтағы ғана емес күллі қазақстандықтардың жадында жаңғырып тұруы тиіс. Олар қанды балақ соғыста толарсақтан саз кеше жүріп жаумен жағаласып, тылда тізе бүкпей тер төкті. Жеңіске жетті!
Әкем 1912 жылы Ақмола облысы, Атбасар қаласында дүниеге келген. 1939 жылдың қазанында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыроймен атқарды. Алайда әскери қызметі аяқталар шақта екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті де, өмірінің 7 жылын әскерде өткізді. Сөйтіп, Ұлы жеңісті қиыр Шығыста қарсы алды.
Әкей соғыс жайлы көп айтпайтын. Оның үстіне, біз де қанқұйлы шайқас жайлы тәптіштеп сұрамадық. Бала болғасын, сұрапыл соғыстың байыбына бара алмаған да шығармыз. Тек қана дос-жаран, көрші-қолаңмен арада соғыс жайлы айтылған әңгімелер еміс-еміс есімде қалыпты.
Әкем жаяу әскер болған. Оларға ең күрделі, мехнаты мол жауынгерлік міндет жүктелетін. Әрине, танк, ұшақ, ауыр артиллерияның шайқаста атқаратын рөлін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, қоян қолтық ұрыста жаяу әскердің орны ерек, маңызы зор. Қан майданда бес қаруын асынып, белуардан су кешіп, жау шебіне алғаш ұмтылатын да солар. Міне, менің әкемнің сол сұрапыл соғыста қанша шақырым жерді жаяу жүріп өткенін елестету қиын. Ол 108 атқыштар полкі, 66 атқыштар дивизиясының құрамында, 1 қиыр шығыс әскери майданында қас дұшпанға қарсы тұрды.
Әкемнің әскерде жасаған ерліктеріне айғақ болатын құжаттар мұрағатта сақталыпты. Оның құпиясы бізге Ресей Федерациясы қорғаныс министрінің 2007 жылы 8 мамырдағы № 181 бұйрығы шыққаннан кейін ғана белгілі болды. Құжат «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскер мен әскери-теңіз флотының архивтік құжаттарының құпиясын жария ету туралы» деп аталады. Дәл сонда біздің әкеміздің жауынгерлік жолы түгел жазылған. Жас солдат Чехословакиядан бастап, Польша, Беларусь, Украина, Ресейдің бірқатар қаласы, Мәскеу маңы, Смоленск, Волгоградты түгел жаяу жүріп өткен. Сөйтіп, Ұлы жеңісті 1945 жылы Қиыр Шығыста қарсы алған. Бірақ, ол үшін соғыс аяқталған жоқ еді. Әкем әрі қарай кеңес-жапон шайқасына араласты. Ол өте ұқыпты, тәртіпке қатал еді. Ат құлағында ойнайтын. Қанда бар қасиет сырт көзге бірден білінеді емес пе?! Әкейдің осы қабілетін байқаған әскер қолбасшылары оған атты взводты сеніп тапсырады. Осылайша, батальонның бас қолбасшысының жеке атқосшы-адютанты болып тағайындалады.
Мұрағаттан тағы бір дерек. Менің қолымда «қызыл әскер Мұсабеков Нүркенді жаудың ізін кесу жолында атты құрамды үлгілі сақтап, батальонға қажетті қару-жарақты уақытылы жеткізгені үшін кадрлық көтермелеу туралы» № 74 бұйрықтың көшірмесі бар. Ержүректігі мен батылдығы үшін әкем «I дәрежелі Ұлы Отан соғысының» ордені, «Жауынгерлік батылдығы үшін» медалі, «Жапон соғысындағы жеңісі үшін» медалі, бас қолбасшы медалімен наградталған. Сонымен қатар, Сталиннен алғыс хат алып, 17 мерейтойлық медаль және құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бірақ, ол соғыста ғана ерлік жасап қойған жоқ. 1945 жылдың күзінде әскерден оралып, менің анама үйленді. Ол кезде шешем жесір еді. Бірінші күйеуі қарғыс атқыр соғыста мерт болған. Содан қалған қызы Рақыш айықпас дертке шалдығып, қызылшадан көз жұмады. Міне, анамның да тағдыры тауқыметке толы болды. Әкем - майданда жеңіске жетсе, анам – тылда тер төкті. Таңның атысынан, күннің батысына дейін диірменде белі бүгіліп, ұн тасыды. Сөйтіп, ата-анасын аштықтың аранынан құтқарып қалды.
Соғыс біткеннен кейін әкем Атбасар станциясында әскери күзетте 35 жыл табан аудармай еңбек етті. Еңбек кітапшасында бір ұйымға жұмысқа қабылданды және одан шықты деген жалғыз жазба ғана бар. Ұжым оны қатты бағалады, көп көтермелеп, талай марапат ұсынды. Өзі құрметті теміржолшы. Еңбексүйгіштік, адалдық, тәртіп, мақсатшылдық оның өмірлік ұстанымы еді. Үйден алыс болса да, жұмысқа үнемі жаяу баратын. Әскерден қалған әдет болар. Үсті-басы тап-таза мұнтаздай болып жүретін. Етігіне шаң жуытпайды, қашан да жылтырап тұрады. Әке-шешем шаруашылық ұстайтын. Баяғы қу тірлік, Алла берген бес баланың қамы ғой. Барлығымызды оқытып, тоқытты. Ел қатарына қосты. Мен үйдің үлкенімін. Атым Бақыт, дәрігермін. Менен кейін Орынтай деген сіңілім болды. Марқұм жатқан жерін жарық қылсын, сауда саласында қызмет еткен. Ұлдың үлкені Сабыржан – Атбасар қ. әскер, авиация және флотқа жәрдемдесетін ерікті қоғамды (ДОСААФ) басқарды, одан кейінгі інім Дүйсен - актер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және үйдің кенжесі - Нұрлан әке жолын қуып, әскери күзетте еңбек етіп жүр, құрметті теміржолшы. Өзі өте ұқыпты әкеме тартқан.
Анамыз өте еңбекқор еді. Бір тыным таппайтын, әкеміздің сенімді серігі болды. Он саусағы майысқан шебер еді. Дүкеннен киім сатып алмайтынбыз, бәрін өзі тігіп беретін. Қорадағы сиыр, қой-ешкіні одан артық баптайтын адам жоқ. Маңайда ол кісіден артық ешкім қымыз пісе алмайтын. Дәмі тіл үйіреді. Ет баптау, нан пісірудің тәсілін көрші келіншектер біздің анамыздан үйренуге асығатын. Дастарқаннан дәм кетпейтін. Үнемі жайылып тұрады. Қонақ үзілмеуші еді. Әке-шешемнің аяқ-қолын жазып, демалып отырған кезі есімде жоқ. Үнемі күйбең тіршіліктің қамымен жүретін. Соғыстан кейін ел ішіндегі әлеуметтік ахуал бірден түзеліп кеткен жоқ. Міне, ата-анамыз осы қиын-қыстау кезеңде бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсірді.
Мен және немере-шөберелерім үшін ата-анамның өмірі – еңбекқорлық, адалдық, тәрбиелілік пен қайырымдылықтың озық үлгісі. Олар – Отанды сүйетінін сөзбен емес ісімен дәлелдеген нағыз патриоттар. Әкем ұзақ жасады. 2007 жылы 95 жасқа қараған шағында дүние салды. Анамыз 1997 жылы 76 жасында өмірден өтті.
Біз әке-шешемізді мақтан тұтамыз. Олар мәңгі жадымызда және Жеңіс күні ерлігін еске аламыз. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында, ел ертеңі үшін еңіреп, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасқан ерлерге тізе бүгіп, тағзым етеміз. Жатқан жерлерің жарық болсын, бақұл болыңдар! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Авторы: Наурызбаева Бақыт Нүркенқызы
![Астаналық зейнеткерлер оқушыларға тігіншіліктің қыр-сырын үйретті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173935565512053547.webp)
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)