Елордада бүгіннен бастап екі ХҚКО қызмет көрсетеді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада бүгіннен бастап екі ХҚКО қызмет көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17212074829866117.webp)
Нұр-Сұлтан қаласында бүгіннен бастап екі Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Орталықтың бірі Мәңгілік Ел даңғылы, №30 (Есіл ауданының №1 бөлімі) мекенжайында орналасқан. Бұл ХҚКО кәсіпкерлік субъектілеріне ғана қызмет көрсетеді. Екінші орталық 20-40 көшесі, №2 (Мамандандырылған бөлім) мекенжайында орналасқан. Бұл ХҚКО автосалондарға ғана қызмет көрсетеді. Ол жұмыс күндері сағат 09:00 - 17:00 аралығында күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуымен жұмыс істейді. Атап өтсек, елімізде вирустың таралу қаупі мен қазақстандықтардың өмірі және денсаулығына алаңдаушылықтың сақталуына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібін өзгерту туралы шешім қабылданған болатын. Өзгерістер ХҚКО-да көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін, оларды ұсыну форматын да қамтиды: - енді қазақстандықтар ХҚКО-да электронды форматта қолжетімсіз, тек «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтер мен egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін ала алады. - ХҚКО-ға бару үшін 1414 байланыс орталығы немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы кезек уақытын алдын ала брондау қажет болады. Бұл азаматтардың ХҚКО-да көп жиналуын болдырмайды және вирусты жұқтыру қаупін жояды, осы ретте қызмет алушылар да өз уақытын үнемдейді. Алдын ала брондаусыз еш қызмет көрсетілмейді. Азаматтар электронды форматқа аударылған әрі egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын тек өздігінен немесе бұрынғыдай ХҚКО ғимараттарында емес, әкімдіктер жанындағы кеңселер, оқу орындары, медициналық ұйымдар мен тағы басқа жердегі өз-өзіне қызмет көрсету секторларынан ала алады. Онлайн қызметтерді жылдам алу үшін азаматтар 1414 нөміріне хабарласа алады, онда ХҚКО операторлары кеңес береді. Карантин жарияланғалы бері қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталы, телеграмдағы eGovKzBot2.0 боты, eGovMobile мобильдік қосымшасы арқылы өз бетінше онлайн түрде 10,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет алған. Дегенмен 3 санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер электрондық қызметтерді ХҚКО-дан ала алады. Әр фронт-офисте олар үшін жеңілдік терезесі жұмыс істейді. Сондай-ақ олар да ХҚКО-ға баратын уақытын алдын ала брондауы керек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, коронавирус пандемиясы көптеген процесте, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де өзгерістердің қажет екенін көрсетті. «Жаңа ережелердің пайда болуы заңды. Біз ХҚКО жұмыс форматын өзгертуге мәжбүрміз. Біздің екі мыңнан астам қызметкеріміз 1414 байланыс орталығы, виртуалды ассистенттің бейнеқоңырауы арқылы азаматтарға электрондық қызметтерді қашықтан алуға көмектеседі», – деді Балташева. Ол аталған өзгерістер аудан орталығы мен ауылды жерлердегі ХҚКО қызметіне еш әсер етпейтінін, олар ашылғаннан кейін бұрынғы тәртіппен жұмыс істейтінін атап өтті. ХҚКО-ға кезекті 1414 және https://egov.kz/services/SR.06/#/ арқылы беруге болады.
![Астананың «Алматы» ауданына мурал салғысы келетін суретшілер шақырылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173928680228674650.webp)
![Дәрігерлер Астанада пышақталған баланың жай-күйін айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17393332385476968.webp)
![Қыс мезгілі басталғаннан бері елордадан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925649124459816.webp)
![Елордада жол ережесін қасақана бұзған жүргізуші қамауға алынды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173925211031758589.webp)