Сарыарқа ауданының әкімі полицейлерді кәсіби мерекемен құттықтады
Сарыарқа ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов аудан полицейлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың тынымсыз еңбегі үшін алғыс білдірді.
Сіздер қылмысқа қарсы күресте, құқықтық тәртіп пен еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарасыздар. Полициядағы қызмет — кез келген қоғам үшін аса қажет, іске адалдық пен қайсарлықты талап ететін қауіпті, жауапты жұмыс. Сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Қазақстан полициясының барлық қызметкерлеріне зор денсаулық, табыс тілеймін!, - деді Сарыарқа ауданының әкімі.
Мерекелік іс-шарада сержанттар, лейтенанттар мен майорлар адал ерлігі мен қызметі үшін алғыс хаттармен марапатталды. Қоғамдық тәртіпті бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сақшыларға полиция ардагерлері мен қала тұрғындары да алғыстарын білдірді.
Сіздердің еңбектеріңіз үнемі назарда бола бермейді. Өміріміз бен қауіпсіздігіміз үшін қорқыныш сезімін сезінсек, біз дереу қоңырау шалып, әрқашан сіздерге сенім артамыз, – деді аудан тұрғыны Майра Құралова.