Елордалықтардың 33 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада 406 552 адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданумен қамтамасыз етілді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 3,38%-ға артық. 2025 жылға дейін елорда халқының жалпы санынан қамтуды 35%-ға дейін арттыру жоспарлануда.
Осы мақсатта Нұр-Сұлтанда «Қолжетімді спорт» бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Жоба елорданың спорт залдарында жүзеге асырылды. Сабақтар қала бойынша 40-тан астам жерлерде спорттың 6 түрі бойынша өткізілді: фитнес/зумба, скандинавиялық жүріс, каратэ, жүгіру, тоғызқұмалақ, үстел теннисі.
Мысалы, скандинавиялық серуендеу саябақтарда таза ауада өтті. Кез-келген адам аптасына 3 рет қосылып, жаттығу жасай алады. Жобаға жоғары санатты жаттықтырушылар, спорт шеберлері және білікті нұсқаушылар қатысты. Жоба елорда тұрғындары арасында және Instagram әлеуметтік желісінде күн сайын жаттығулардан бейне және фото жарияланып, пайдаланушылар өз пікірлері мен тілектерін қалдырды. Қатысушылардың жалпы саны 5 мыңнан астам адамды құрады. 2022 жылы жобаны жүзеге асыру маусымнан желтоқсанға дейін жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта елордада 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы, олимпиадалық резервті даярлау орталығы және теннистен «Дәулет» спорт кешені жұмыс істейді. Олардың контингенті спорттың 60 түрі бойынша 8 655 спортшыны құрайды. Қала құрама командаларының құрамында 5 мыңнан астам спортшы бар.
Айта кетейік, жалпы, қалада 113 спорт түрі, 36 спорт түрі ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жүзеге асады.
Қалада 28 аула клубы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3 000-нан астам бала тегін білім алады, спортпен шұғылданады.