Нұр-Сұлтанда өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттайтын іс-шара өтті
15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат
ашық дереккөз
«Акцияның басты мақсаты – жылыту маусымы кезіндегі мүмкін болар қауіптің алдын алу, жұрт арасында өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттау. Оның барысында қала тұрғындары мен қонақтары ТЖД-ның жұмысымен, күш-құралдарымен жақынырақ танысады. Сол сияқты қауіпсіздік мәселелері, алғашқы көмек, өрт кезінде әрекет ету тәсілдері балаларға ойын түрінде түсіндіріледі», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.
Елордалық ТЖД 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасын өткізіп келеді.
«Іс-шара үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде біз халықтың әлеуметтік осал топтары мен жатақханаға қайта жабдықталған үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын тексереміз. Қазір елордада әлеуметтік осал топқа жататын 1 792 отбасы бар. Олардың бәрінде дерлік жеке баспана жоқ. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша барсақ, кейбірі көшіп кеткен болып шығады. Қауіп төнуі мүмкін үйлерді тегіс қамтуға осы жайт кедергі келтіріп тұр», – дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, екінші кезеңде қала аумағындағы саяжайларды аралайды.
«Бүгінде Нұр-Сұлтанда алты мыңға жуық саяжай бар. Саяжайлар жылдың белгілі бір мезгілінде уақытша тұруға арналғандықтан, көбіне-көп қысқы суыққа бейімделмеген, жүргізілген электр желілерінің оқшаулағыш қабаты бұзылған, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Сондықтан қыс айларында өрт шығу қаупі жоғары», – дейді басқарма басшысы.
Айлықтың үшінші кезеңінде жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жүргізіледі. Қазіргі таңда елордада 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Биыл болған өрттердің 46%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері ішінде пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (72 жағдай немесе 32%), электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу ( 67 жағдай немесе 30%), халықтың отпен абайсыз болуы (59 жағдай немесе 26%) бар.
Ұқсас жаңалықтар