00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Абылай хан даңғылы мен Манас көшесінің қиылысы жаңаша абаттандырылады (ФОТО)

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Абылай хан даңғылы мен Манас көшесінің қиылысы жаңаша абаттандырылады (ФОТО)
ашық дереккөз

Бұл аумақта көше саудасы көрініс тапқан, сол сияқты тұрақ алаңының ретсіздігі мен қатты шу жұртшылық үшін қолайсыздық тудырып отыр. Аумақтың абаттандырылмағаны да, тротуардың жоқтығы да жергілікті тұрғындарға белгілі бір көлемде қиындық келтіреді.

Тұрғындардың жайлылығын қамтамасыз ету үшін гүлзардың қоршаулары мен қабырғалары жөнделмек. Сондай-ақ балалар ойын алаңын, көлеңкелі шатырлар, гүлзар орнату, коммерциялық павильондар ашу жоспарда бар.

Абаттандыру жұмыстары барысында асфальт жабыны төселген тастарға ауыстырылмақ, сондай-ақ тұрақ кеңістігін оңтайландыру, халықтың аз қозғалатын топтарына ыңғайлы болу үшін тротуар плиткаларын бір деңгейге келтіру жоспарлануда.

«Кездесу орны» идеясын гүл ұстаған қолшатыр астындағы ер адамның арт-мүсіні ашады. Оның айналасында демалуға арналған орындықтары мен үстелдері бар. Сонымен қатар, көрсетілген аймақта ландштафт бұталары бар альпілік төбешік орнатылады.

Сонымен қатар, өтініштер бойынша бұл маңайда диагональды жаяу жүргіншілер өткелі пайда болады. Оның артықшылығы – жаяу жүргіншілерге жолды бір уақытта әрі барлық бағытта, соның ішінде диагональ бойынша кесіп өтуге рұқсат етіледі.

Елорданың бекітілген дизайн-кодына сәйкес, барлық сауда павильондары сәйкестендіріледі. Бұл маңдайшалар мен сыртқы жарнама объектілеріне де қатысты. Бизнес өкілдері хабардар және өзгертуге дайын. Тұрақ аймағын ретке келтіру жоспарлануда. Бұл дизайн-кодтың үлгісі, - деді Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

Маңайды көгалдандыруға да айрықша көңіл бөлінеді. Абылай хан даңғылының бойына сәнделген жарығы бар 100-ге жуық ағаш отырғызылады.

«Встреча» сауда үйінің жанындағы кеңістік ылғи тартымды орындардың бірі болып келеді. Өкінішке қарай, соңғы уақыттары көше базарына айналып барады. Сондықтан мұнда тәртіп орнату және бұрынғы атмосфераны қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Тұрғындардың ұсынысы негізінде түрлі тақырыптағы элементтер – су ішуге арналған арнайы автоматтар, ұялы байланыс теңгерімін толықтыру үшін аппарат бола алатын телефон будкасын орнату туралы шешім қабылданды, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Естеріңізге сала кетейік, қыста Алматы ауданы әкімдігі мен қалалық Урбанистика орталығының өкілдері жақын маңдағы үйлердің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Кездесуде айтылған өтініштер арасында сауда нүктелерін дизайн-код бойынша ретке келтіру, серуендеу үшін қолайлы аймақтар, балалар ойын алаңдарын құру, аумақты көгалдандыру, жарықтандыру және т.б. болды. Қала тұрғындарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде астаналық урбанистер учаскені абаттандыру тұжырымдамасын ұсынды. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі.

Алдағы уақытта абаттандыруды бастау жоспарлануда. Жұмыс «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында жүргізілуде. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша барлығы 500-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.