Елордада «Kitap_kala» радио арнасы ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада «Kitap_kala» радио арнасы ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211199704582203.webp)
Студия көру қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы кітапханада орналасқан.
Радиоканалды ашудағы мақсат қала тұрғындары мен оқырмандарға кітапхана сөрелеріндегі рухани байлықты насихаттай отырып, өскелең ұрпақты өнеге мен білімге, патриоттыққа, ізгілік пен бауырмалдыққа баулитын баға жетпес құнды мұралардан үзінділер ұсыну.
«Бүгін орталықтандырылған кітапханалар үшін қуанышты күн. Қала тұрғындары мен оқырмандарымызды жақсы бір жаңалықпен қуантудың сәті түсіп, арнайы кітапханада өз радиомызды ашып жатырмыз. Мұнда кітапхананың тыныс-тіршілігі таныстырылып, зиялы қауым өкілдерімен сұхбаттар берілетін болады. Барлығымыз бірігіп кітапханалардың дамуына үлесімізді қосамыз деп ойлаймын», – деді Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева.
Аталған радио арнаның ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Мақпал Тәжімағамбетова, Қазақ радиосының ардагері Күләш Молдахметова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, ҚР жазушылар одағының «Нұр-Сұлтан» қаласы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, «Астана радиосы» директоры Сымбат Танашева қатысты.
«Kitap_kala» радио арнасының ашылуы бұл өте жақсы дүние. Көп жылдан бері тікелей эфирде хабарлар жүргізіп жүрмін. Сонда менің түйгенім, радиоға жиі хабарласатын тыңдаушылар арасында зағип немесе көру қабілеті нашар адамдар өте көп. Ол кісілердің жалғыз ермегі радио. Себебі олар теледидар көре алмайды, кітап оқи алмайды. Сондықтан да радио үлкен ермегі, сағынышы пен қуаныштарын бөлісетін жер», – деді «Астана радиосы» директоры Сымбат Танашева.
«Ғасырмен мұңдас, сырлас, алтын діңгекті қазақ радиосының аясында ашылып жатқан арнайы ерекше туылған жандар үшін, ерекше тағдырлы адамдар үшін арналып ашылған радиоға қуаныштымын. Әрине ол ең алдымен контент жағынан даму керек болады. Өзінің аудиториясын қалыптастыру қажет. Қызықты бағдарламалар мен сұхбаттар деген сияқты. Дүниежүзінің озық мемлекеттерінде кітапхана жүйесі өте жақсы дамыған. Біздің елді кітап оқымайды деп жатады. Алайда олай емес», – деді Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжімағамбетова.