Алтай Көлгінов жеңілдікпен берілетін баспана құрылысымен танысты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Алтай Көлгінов жеңілдікпен берілетін баспана құрылысымен танысты
ашық дереккөз

«Былтыр құрылыс қарқынын сақтап қана қоймай, айтарлықтай ұлғайттық. Биыл әлеуметтік тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салудан рекорд орнатпақпыз. Құрылыс жұмыстары елорданың барлық аудандарында полиорталық қағидасы бойынша жүргізіліп жатыр. Тұрғындарға қажет нысандардың барлығы жақын қашықтықта орналаспақ», деп жазды қала басшысы instagram желісіндегі парақшасында. Бүгін қала әкімі Алматы ауданында орналасқан жеңілдікпен берілетін тұрғын үйдің, сонымен бірге - мектеп құрылысы барысымен танысты. «Қаланы жиі аралап тұрамын. Сонда ғана құрылыс салушылар құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, сапалы жұмыс істейді, ал біз жағдайды тек қағаз бетінде емес, құрылыс нысандарында болып жатқан нақты бейнені көреміз. Жұмысқа немқұрайлы қарайтын құрылыс компанияларының қызметінен бас тартамыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға назар аудару қажет. Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй саны жоспарлы түрде ұлғайып келеді. Егер 2018 жылы елордада жеңілдікпен берілетін 1100 пәтер салынса, 2019 жылы - 2900, ал 2020 жылы - 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынды. Биыл осы көрсеткішті 10 мың пәтерге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», дейді Алтай Көлгінов. Мектептер салу кезінде, ең алдымен мұқтаждық бар жерлерді таңдалады деп көрсетті қала әкімі.  Халық тығыз орналасқан және жаңа салынып жатқан аудандар таңдалады. Мәселен, өткен жылы Мичурино елді-мекенінде мектеп салынды. Бұрын онда бірде-бір мектеп болмаған еді. Балалар мен мұғалімдер бейімделген бөлмеде отыруға мәжбүр болды. Естеріңізге саламыз, биыл елордада  барлығы 16 мектеп салынады.  Бұл - 40 мыңнан астам оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда қамтылатын оқушы саны 2 еседен астам көбейеді.